|
![]()
Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира
|
Казахские сказки — Қазақ ертегілері / ҚазақшаАғаш атБаяғы заманда атақты бір патша болыпты. Оның күндей сұлу үш қызы, айдан аппақ бір ұлы болыпты. Күндердің күнінде патшаға өнерпаз үш жігіт келіпті, оның біреуі қолына тауыс (көркем түкті құс), біреуі мыстан істелген коңырау, біреуі ағаштан соққан ат ұстап кіріпті. Оларға патша:
-Бұл көтеріп жүргендерің немене? — деп сауал қойыпты. Тауыс ұстаған жігіт:
-Тақсыр, сіз атыңыз қатарындағы патшалардан асқан ұлы патша болдыңыз. Біз сіздің заманыңызда оқып өнер тапқан кісілер едік. Сізге өнерімізбен істеген табысымызды әкеліп отырмыз. Мына менің колымдағы тауыс жанды сагат. Ол әр сағат сайын шақырып, өткен мезгілді білдіріп отырады, — деді.
-Жарайды, ісімен дәлелдемесе, ауызбен айтқанға сенбейтін едім, — деді патша. Тауыс әр сағат сайын шақырып, өнершінің сөзін дәлелдеді. Шынына көзі жеткен патша:
-Өнеріңе қанағаттандым. Қызметің үшін не берсем риза боласың? — деді. Өнерпаз іркілмеді:
-Өнеріме қанағаттансаңыз, маған үлкен қызыңызды беріңіз. Сізге бала болып, өнерімді өрістете беруіме жол ашылсын, — деді.
-Жарайды, тілегің болсын, — деді патша. Мыс қоңыраулыға қарап:
-Бұл қоңыраудың кандай қасиеті бар? — деді. Жігіт:
-Тақсыр, қоңырауым шеттен келетін жауды біледі. Қақпаға іліп қойсаңыз, қандай қастық ойлаған кісі болса да қалаға кіргенде сылдырлап дыбыс шығарады. Сіздің мемлекетіңіздің қауіпсіздігі үшін әдейі арнап соқтым, — деді.
-Жарайды. Қақпаға байла. Өнерің дәлелденгенде тілегіңді берем, — деді патша.
-Құп болады, тақсыр, өнерімді көрген соң маған ортаншы қызыңызды бересіз, — деді жігіт.
-Ағаш атыңда қандай қасиет бар? — деді үшінші өнерпазға,
-Бұл керемет емес, тақсыр. Қолымнан соққан өнерім. Мұнымен ұшып, тілеген жеріңізге баруға болады, — деді жігіт.
-Олай болса, мініп көрейік. Ұшқанын көрмей еш нәрсе берілмейді, — деді патша. Бұл кереметті көргелі көп жігіт жиылды. Әркім атқа мініп аяқтарын тебініп көрді, ағаш ат орнынан қозғалмады. Патшаның баласы келіп атқа мінгенде, өнерпаз омырауындағы бір тетікті қозғап жіберді. Ат көкке көтеріле бастады. Қаланың қарасы көрінбей бара жатқанда, патшаның баласы «бқл мені ққртқалы істеген бір зат болар» деп қорықты. Аттың бүйірін сипалап жүріп оң жағынан бір, сол жағынан бір қораздың басындай екі тетік тапты. Оң жағын қозғағанда жоғары өрлеп, сол жағын қозғағанда төмен түсетінін білді. Ағаш аттың басын игеріп, қалаған жағына ұшып кете берді. Жердегілер шаһзадасын ұшырып жіберіп, қашан келер екен деп күтіп қала берді. Патшаның баласы көкті сайраңдап, талай қаланың төбесінен өтті. Бір мезетте көк ағашты, ағын сулы, бау-бақшалы бір қалаға көзі түсті. «Бұл қандай қала болды екен?.. Қай мемлекетке қарайтын жер екен?» деп ойлады. Қалаға қызыққаннан сонда түспекші болды. Қайда,бұлттың үстінде үш күншілік биікке ұшып жүрген ат жайлап жерге түскенше күн батып караңғы болып қалды. Шаһзада атын жайлап әкеліп бір керемет биік үйдің төбесіне түсірді. Күнімен көкке қшып шаршаған шаһзада үйдің үстінде демалып отырды. Қаланың елі жатып,көшеде жүрушілер саябырлай бастады. Шаһзаданың
қарны ашып, ас ішуге зауқы қатты соғып, үйдің төбесінен сарайдың ішіне көз салды. Сарайдың ішінде қыбыр еткен жан көрінбейді, бейне бір бос тұрған дүние сияқты. Шаһзада үй төбесін жағалап жүріп, жерге түсетін саты көрді. Сатымен төмен түсіп, жер үстіндегі жұмақ сияқты сарайдың ішін көрді. Үйдің барлығы алтын, күміс, гауһар, жаұтпен безеліп, бұрын көзі көрмеген қымбатты мүліктермен жасауланыпты. Бір ғажап осынша бай сарайдың ішінде қыбыр еткен жан жоқ. Шаһзада аралап шықты да, адамы жоқ сарайдың ішінде жалғыз жатқысы келмей, үйдің үстіне шығып, аттың қасында болуды мақұл көрді. Түннен бірнеше уақыт өткенде бір жарық көрінді. Жарық ұстаған адам екен.Ол бірте-бірте сол сарайға жақындай берді. Ол бір мезетте сарайға жетіп есігінен кірді. Үй үстінде отырған шаһзада олардан көзін айырмай қарап отыр еді. Жарықты көтерген қолына жалаң қылыш ұстаған бір жігіт екен. Оның айналасында бірнеше қыздар келді. Қыздардың ортасында асқан сұлу бір қыз бар. Ол қыздың ажарына арнап ақын мынадай бәйіт жазыпты:
Ақ күміс, айдай жүзің ашылған гүл,
Меруерт отыз тісің, шашың сүмбіл.
Жүрегім көзін жұмып гүлстанға
Шырқап күй, қону үшін ұшты бұлбұл.
Ол көрініс сипатымен сол қаланың патшасының қызы екенін танытты. Әкесі қызын айрықша тәуір көреді екен. Сондықтан оның ешбір тілегіне бөгет болмай, осы сарайды ойын-сауық құруына арнап салдырған екен. Қыз көңіл көтеру үшін сарайға келіп, екі-үш күн тұрып кайтадан әкесінің сарайына қайтып кетеді екен. Бұл келуі — ағаш ат мініп, аспанды сайрандап жүрген шаһзаданың келген күніне түйісті. Көп қыздың ортасындағы жалғыз жігіттен шаһзада жасқанбай үйдің төбесінен түсе қалды, қылышты жігіт сайтандай көктен сап етіп түсе қалған жат кісіні де
шап беріп ұстай алды. Тегеурінді бұла болып өскен шаһзада оны қолымен қойып жіберді. Талдырмаш денелі, әлсіз жігіт екен, қаңбақтай домалап ұшып түсті. Қолындағы қылышын тартып алып, шаһзада сұлу қызға қарай ұмтылды. Қылышты жалтақтатып келе жатқан кісіден үрейленген қыздар, сырылып жүре береді. Ол сұлу қыздың қарсы алдына келіп тоқтады. Қыз оның бетіне қарап:
-Жаным-ау, әлгі әкем айтып жүрген Зәңгі патшасының баласы сенбісің? — деді.
- Дәл өзі, — деді шаһзада, түгіне түсінбеген тосынсөзге.
- Ойбай-ау, әлгі түсі жаман, көмірдей қап-қара дегені қайда?.. Өзің мүлде ауызға үріп салғандай әдемі екенсің ғой. Әкем көрмей қорқып жүр ме, әлде мені алдағаны ма?…
- Маған көз тиеді деп айтқан болар. Болмаса қандай екенімді көріп тұрсың ғой, — деді ағаш атты патшаның баласы. Шынында ол қызды Зәңгі патшасының репейсіз баласы сұрап, оған әкесі бермей қойып еді. Қыз сол екен деп қалды. — Қыз ол кезде ыңғайы келсе күйеуді жек көретін мезгілден өтіп, күйеу келсе қыз дайын дейтін күнге жеткен шағы болатын. Қыз шаһзаданы қолынан ұстап, қатар отырып, әңгімені соза берді. Қыздар талып жатқан жігітке ес жиғызып, басын көтертті. Қызметші жігіт басын көтеріп, қылышын іздеді. Қыздың бәрі:
-Есеңгіреген байғұс-ау, оның несін іздейсің… әлгі өзіңді бір ұрып қалпақтай ұшырған біреу алды.
- Ол кім өзі?
- Кім екенін сайтан біле ме? Әйтеуір кердеңдей басып барды да, патшаның қызының қасына отырды. Сенің қылышың оның қолына тиген соң бәрімізді қырып тастайтын біреу шығар деп жанына да бара алмадық, -деді. Жігіт — Ер Асан патшаның қызын қауіп-қатерден қорғау үшін жіберген қызметшісі болатын. Ол патшаның алдында да қызды қорғауға жауапты болғандықтан, омыраулап кіріп кеткен шаһзадаға амалсыз келді. Бірақ алғашқы соқтығыста беті қайтып қалған сорлы еш нәрсе айта алмай, жалтара сөйледі.
-Тақсыр, сізді кім деп білуге болады? Перімісіз, жынбысыз? Құдай қай көгінен түсіріп тұр?.. — деді. Қыздың қасында қызулы тұрған жігіт:
-Сенің мен сияқты шаһзадага «жын» деп айтуға қандай қақың бар еді! — деп қызметшіге қылышты ала ұмтылды. Ол екі қолын қусырып кешірім сұрай бастады.
-Тақсыр-ау, менікі жөн сұрау еді ғой, мұнша неге қаһарландыңыз?
- Қалай қаһарланбайын?.. Мен патша қызының күйеуі болсам, сен мені «жын» деп сықақ кыласың.
- Ғафу ет, тақсыр. Егер жын болмасаң, патша қызына ешкім сізден артық лайықты күйеу бола алмайды демекші едім…Жігіт пен қыздың қалай отырғанын көрген қызметші өз басына қыз айналасынан түсер пайда, зиян көрмесе де ішіне бір түрлі қызғаншақтық пайда боп, сарайдан шыға жүгіріп қыздың әкесіне келді де самбырлай сөйлей бастады.
-Ойбай, тақсыр-ай, таза шерменде болдым. Ой, құдай-ай, мұндайды кім көріпті… Құлақ естігенді көз көреді деген осы екен… масқара-ай, — деді. Патша түгіне түсінбей сасып:
-Не боп қалды? Сорлы! — дейді аңырайып бетіне қарап.
-Несі құрсын, тақсыр, қызыңды бір жын келіп омыраулап жатыр, қайдан келгенін қайдам, біз сарайдың ішіне кірісімен бас салып, киіп ала жөнелді. Қызың да кет ары деген жоқ, икеміне көне берді ме, қалай…
- Лағынет жаусын, сен итке! Қолыңа қылыш беріп, сені неге қойып едім ол жерге?! — деді патша.
-Қойғаныңды қайтейін, тақсыр, тегеурінді жын бір қойып жіберіп, есімнен тандырды да, қылышымды тартып алмады ма…
-Не сандалып кетті мына шошқа!? — деп, патша қылышын байлай қыздың сарайына жүгірді. Оның алдынан қызметші қыздар жүгіріп шықты. Олардан патша:
-Қыздың халі не болып жатыр? — деп сұрады.
-Біз де түк түсінбедік. Тақсыр… Әйтеуір әп-әдемі бір жігіт қызыңыздың қасында отыр. Көктен түсті ме, жерден шықты ма? Қайдан білейік…
Патша қылышын суыра жігітке ұмтылды. Жігіт қызға қарап:
-Мына кәрі бурадай шабынып келе жатқан сенің әкең бе? — деді.
-Дәл соның өзі, — деді қыз теріс қарап. Шаһзада да қылышқа мойнын ұсынып тұрмады, тартып алған қылышын ала қарсы ұмтылды. Жын ба, адам ба, әлгі белгісіз кісінің сұсы патшаны да басты. Ол үндемей қылышын қынапқа сала қойды. Кенет түсін жылытып:
-Балам, ашуды қой… өзің кімсің? Жын екеніңді, адам екеніңді білмей дал болып тұрмын, ашып айтшы? -деді. Жігіт қылышының үшін жерге қадап тұрып:
-Мына қызыңызды сыйламағаның үшін тұрған жеріңде турап тастар едім. Болмаса, ерегіске келгенде өзіңді екі бүктеп, еліңді жайпап тастайтын шаһзаданы жынға ұйғаруға қандай қақыларың бар? Жай қызметшілеріңді надан дейін десем, саналы патша сенің айтып тұрғаның мынау. Тегі өздеріңді жын жайлаған елмісіңдер, сонан басқа ауыздарыңа сөз түспейді? — деді. Патша оның сөзінен сескенейін деді. Дегенмен тіпті үндемей қалуға болмады:
-Ей, патшаның баласы, берген хабарың, жіберген елшің қайда? Жел аударған қаңбақтай сарайдың ішінен шығып «мен осы қыздың күйеуімін, әкесі маған берді» деп соғыпсың. Сен маған қашан сөйлесіп, қай жерде жолығып едің? Мұндай қисынсыз өтірік айтып көкуге бола ма? Сендей талай шаһзада еріксіз аламын деп, басы кесілген болатын, сенікі тіпті сорақы, жарықтығым, мұнша өкіректеуге бола ма? Егер ордадағы құралды күштерімді жіберіп кылышпен қиқалатып тастасам, менің колымнан кім айырып алар еді! — деді. Оның жауабына шаһзада бөгелмей:
-Мен сіздің айтып тұрғаныңызға түсінбеймін… Надандық па? Я болмаса осы қызды менен артық кімге бермек едің? Ал, батырлығына қызықсаң менен артық батырды қайдан көрдің? Әңгіменің ең кысқасы — мен не
айтсам да «мақұл» дей бер, — деді.
- Не айтпақ едің?!
- Менің айтатыным, қызыңды қызғанып, едіреңдеп тұрсың. Ұрысқың келсе, қазір жекпе-жекке шығайық. Өлтіргеніміз қызға ие бола қояйық. Ал, оған көнбесең, бүгін мен осы сарайға қонам, ертең бар әскеріңді жый, менімен ұрыссын, өзің қызығына қара да тұр. Құдай қырсығынан сақтаса бір сагатта бәрін жайпап берем, өзіңде қанша әскер бар? — деді. Патша оған ежірейе қарап:
- Қырық мың құралды әскерім бар! Құралсыз қызметкерлерім қырық мың, сен жайпап салатын шөп емес, бәрі де адам.
-Мейлі, күн шыға майданға шықсын. Барып хабар бер. Мені ұрысуға белін байлады де. Егер әскерің мені өлтірсе, мені көрдім деп айтпайсың. Жабулы қазан жабуымен қала береді. Егер мен жеңсем, қызыңды алам,
айтқаным айтқан. Бұл сөз сізге түсінікті ме?! Патша кейінгісін мақұл көрді. «Бұл жүрек жұтқан бір дәу екен» деп ойлады. Ертеден күн шыға ұрысуға тоқтам жасап, өзі шаһзадамен әңгімелесуге кірісті. Әңгімелесе отырып, астыртын уәзіріне кісі жібереді. Барушы кісіге: «Әскерді түгел жинап құралдандырсын, бұл келіп отырғанды жалғыз адам демесін. Оңай емес, дайындықты күшті жасап,қалайда жеңетін шараларын жасасын», — деді. Патшасының әмірін қызметшілері уәзіріне жеткізіп жатты. Патша шаһзаданы неше алуан әңгімемен алдандырып таң атырды. Өз ордасына барып тағына отырды да, әскеріне соғыс майданына келуге бұйрық берді. Бір жақсы атқа алтын ер салып шаһзаданың мінуіне лайықтады. Шаһзада ол атқа мінуден бас тартты.
-Алдымен әскерлер ұрысатын жеріне жиналсын. Мен әскерді көрмей атқа мінбеймін, — деді. Патша оны атқа мін деп қыстамады.
- Мейлің, көңілің неге соқса соны істе, — деді. Шаһзада жаяу әскер жиналған жерге келді. Патша әскер басыларына:
-Бұл жас та болса талабы таудай бір дәу көрінеді. Сендермен жалғыз соғысып, бәріңді жеңбек, өзі де сұлу жігіт екен, бірақ белгісіз біреуді қызыма қалай күйеу етейін! Найзаларыңды андағайлатып тіреп тұра қалыңдар, — деді. Шаһзада әскерді көріп патшаға:
- Жарайды, әскерің ұрысуға тұрады екен, енді атқа мінейін, — деді. Патша:
-Осы аттардан таңдағаныңды мін де, ұрыса бер, — деді.
-Бұл аттар менің мінуіме жарамайды, өз атыма мінемін!
- Атың қайда?
-Атым қызыңның үйінің үстінде тұр.
-Ол өтірік. Үй үстінде ат тұрғанын ол заман да, бұл заман кім көрген…
- Көрмесең, көресің, қызметшілеріңді жіберіп атымды алдыр, — деді. Бірнеше кісі барып, үй үстінде тұрған ағаш атты алып келді. Ел тамашалап ағаш атты қарасты. Ат сондай әдемі жасалған бір зат еді. Бірақ ағаш ат соғысқа қалай құрал болмақ? Кейбіреулер:
- Бұл шаһзаданың дені сау болмауы керек. Тегі, қияли диуана ма, бір пәле шығар, — десті. — Мейлі, сыры кәзір ашылады, көреміз…
Қызметшілер ағаш атты әкеліп, майданның ортасына қойды. Әскерлер атты көргелі қоршап, жақындай түсті. Әскерлердің ойынан ұрысу шығып, ерлеп, жүгендеп,жабулап қойған атты көруге ынтықты. Патша да қасына
келді:
- Атың осы ма?
- Осы.
- Осындай ат бола ма екен? Бұл бір ойыншық қой.
- Не де болса қазір көресің!
- Неге мінбейсің?
- Бұған мынадай кісі коршап тұрғанда мінуге болмайды. Сіз мына әскерлеріңізді бір шақырым кейін шегінуге бұйрық беріңіз, атым туласа астында қалады, -деді шаһзада.
- Ал, оны да көрейік, — десіп әскерлер кейін шегінді.
- Ал, енді атыма мінемін, тақсыр. Атқа мінген соң-ақ әскеріңді қырамын, алдымен аттарын жарам, артынан адамдарын қырам! — деді шаһзада.
-Мейлің, қалағаныңды істе, — деді патша күліп. Шаһзада атына мінді, патшаның әскері айнала сап тартып, найза, қылыштарын әзірлей бастады. «Кім біледі, мұнда бір біз білмейтін сыр бар шығар», — десіп күдіктенді. Бәрі көздерін балаға қадап, найзаларын ыңғайлады. Шаһзада атына мінген соң тетігін бір қозғап қойып, ерінің басынан ұстады. Ат тұрған жерінен көкке көтеріле бастады. «Мынаның аты тұрды ма, немене», — десіп жұрт таңданып, бір-біріне қарағанша, ат аспанға шығып кетті.
- Уа, ұстаңдар! Көрер көзге айрылып қалғандарың ба! — деп патша айқай салды.
-Тақсыр-ау, құсты қалай ұстарсың?.. Сонау жұлдыздың бер жағында жүр ғой, — деді уәзірлері.
-Тақсыр, бақыттылығыңызға шүкірлік етіңіз. Бұл бір сиқыршы ғой. Әйтеуір сіздің қызыңыздың ерге шықпай отырғаны да бір қырсық болды. Осындай жын-шайтанға шақыртқы болады да отырады, — десті қарт уәзірлері. Патша көкке ұшқан жігіт көзден ғайып болған соң әскерін таратып ордасына келді. Патша кешке сарайына келгенде қызының төсегіне етпетінен түсіп, солқылдап жылап жатқанын көрді. Патша жанына келіп, басын құшақтап:
- Жылама, жаным… сиқыршыдан құдай құтқарды. Енді қайтып келмейді. Бабамнан қалған найза, қылыштың қасиеті кем бе, үрейі ұшып көкке көтеріліп кетті…қорқып қалғансың ғой, — деді. Бірақ қызының ол сөзге жұбанатындай райы болмады.
- Кім сайтан, кім сиқыршы, білемін ғой, Түсірген жерге оны тілегім ғой…
Қорқытып көк найзамен көкке ұшырған, Сайтан емес, әке, менің жүрегім ғой, -деп қыз өксігенін қойып, өкіріп жылады. Патша сасып әйеліне қарады.
- Бұл не деп жатыр… елігіне ұшырап қалған ба, қалай? — деді.
- Әке, еліктейтін еш нәрсе жоқ. Сол жігіт қайтып келмесе, осы жатқан төсегім моламен ұласады. Жігітті Қайтып көргенше ас та ішпеймін, — деді қызы. Жігіт қызбен сөйлескенде қайтып келетінін айтып, Қыздың қаласының атын сұрап алған болатын. Ол қаланың аты Санга-Ямин болатын. Ал, ағаш атпен көкке ұшқан шаһзада ілезде-ақ өз қаласына қарай сырғытып келіп қалды. Сарайының төбесіне түсті де, атын үйдің үстінде қалдырып, өзі әкесіне келді. Әкесі баласынан айрылғанына қайғырып, қара күн басына орнап отыр еді. Баласын көріп қуанды. Баласы ағаш ат жасап әкелген шебер туралы сұрады. Әкесі:
-Сол құрғырдың атын атама, соның ағаш аты да, өзі де құрсын. Сенен айрылып қалған соң, сиқырлы пәлесі үшін жазалап зынданға тастатқыздым, — деді. Баласы патшадан өнерпазды босат деп сұрады. Патша жалғыз ұлының тілегін қимай, зынданнан шығартып, үстіне тон кигізіп, астына ат мінгізіп, бірсыпыра алтын берді. Бірақ өнерпаз тілек еткен қызын бермеді. Оған өнерпаз қатты ренжіді. «Бұл қалай? Мен ұлы патшаға үйретінді құс, алдамшы қоңырау емес, ізгі өнерімді алып келіп едім. Атым келешекте ұлғайып, өмірлік көлік болмақшы еді. Ақырысында бұл әншейін ұсақ-түйек өнер құрлы да құны болмады. Бекер-ақ көп жыл бейнет тартқан екем!» — деп қайғырды. Бірақ өнерпаздың еңбегін шаһзада бағалай білді. Өзі білген сырды жайлап әкесіне айта бастады. Атпен қалай ұшқанын, қайда болғанын, қыздың сарайына барғанын, қыз әкесінің әскер жиғанын, онан құтылып кетуіне осы аттың себепші болғанын айтып патшаның өнерпазға ашулы көңілін жібітпек болды. Не пайда, тасқа жауған жаңбырдай қартқа жаңалық сіңбеді. Ол қайта:
|