Батпан құйрық / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша)











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Батпан құйрық

Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады.
- Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? - деп сұрайды түлкі жылмаңдап.
- Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.
- Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.
- Ал, түке, ендеше баста, - дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:
- Түке, түке, бұл неғылған батпан құйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойлаған боп, қипаңтай жауап қайырды:
- Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.
- Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.
- Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, - деп, түлкі құйрыққа үмтыла бергенде:
- Тоқта, тоқта! - деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоңқып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді.
- Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? - деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып:
- Был-жыр-рра-ма...- дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі.
Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі:
- Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! - деп, күңкілдейді.
- Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! - деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де калады.
- Е-е... құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! - деп, түлкі қу сықылықтай кеп күледі.
- Емің бар ма, түлкіжан-ау... Түкешім, аясаңшы ағаңды, - деуге қасқырдың тілі әрең келіпті. У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:
- Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, - дейді. Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі.
- Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! - дейді де, түлкі өз жөніне кете барады. 

Ақпарат көзі: aldiyar.kz
3811