Жалғыз көзді жалмауыз / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша)











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Жалғыз көзді жалмауыз

Ерте-ерте заманда бір бай болған екен. Байдың жалғыз ұлы болыпты. Мал-мүлкі мол, шіріген бай болғанымен, өте сараң, қолынан ешкімге еш нәрсе бермей, ел-жұртпен араласпай жеке көшіп-қонып жүреді екен. Малын бағуға жалшы жалдап, ақы төлеуге шығынсынып, жалғыз ұлына мал бақтырып қояды. Ел ішіндегі той думанға, қыз-жігіттердің ойын-сауығына араласпай байдың ұлы малын бағып, ес-ақылы толып жігіт бола бастайды. Бір күні ел ішінде үлкен бір той болады. Бұны естіген байдың ұлы тойға барғысы келіп, әкесінен рұқсат сұрайды. Сонда әкесі «барма, балам» деп айта алмай: «Барсаң бар, бірақ ат терлетіп не қыласың, ана өгіздердің біреуіне мініп бар», - дейді. Өгізге жұпыны жабу салып мінеді де, тойға барады. Тойға жиналған құрбы-құрдастары, қыз-келіншектер бар асыл киімдерін киіп, жорға, жүйрік аттарына мінген, байдың баласын көргенде: «Пәленше байдың баласының сиқын қара, аты жоқтай өгізге мінген, киімін қара», - деп мазақ етіп күлкіге айналдырады. Намысына тиген бала: «Бүйтіп мыналарға мазақ болғанша, бұл елден көзімді құртайын», - деп әке-шешесін тастап, беті ауған жаққа қаңғырып кете береді. Сол кеткеннен мол кетеді. Күн жүреді, түн жүреді. Қолына ілінген кұрт-құмырсқа, шөп тамырын қазып жеп, қорек етіп жүре береді. Сонан табаны тесіліп, үстіндегі киімінен жұрдай айырылады. Бір кезде әбден әлі кетіп, есінен айырылып бір шөл далада жатады. Қанша ессіз жатқанын кім білсін, күннің қатты күркіреген даусынан секем алып, есін жинап, басын көтеріп отыра береді. Алдына үңіліп қарап отырса, алдынан бұлдыраған үй секілді бір нәрсе көрінеді. «Бұл не болды екен, мүмкін бір тірі жан кездесетін шығар» деп барлық жігерін жинап, сол бұлдырап көрінген затқа қарай сүйретіліп жылжи береді. Өлдім-талдым дегенде, әйтеуір, жетеді-ау. Қараса, алтын жалатқан үлкен сарай екен. Сарайдың маңында жыбырлаған жан көрінбейді. «Бұл кімнің сарайы болды, неге тірі жан жоқ», - деп ойлайды. «Не де болса ішіне кірейін, ең болмағанда қорек ететін бір нәрсе табылар», - деп сарайдың ішіне кіреді. Ішінде де тірі жан болмай шығады. Сарайдың іші толған алтын қойма, қойма толған азық-түлік, сауыт-сайман, қанжар, қылыш секілді жабықтардың неше түрлері толып тұрады. Ең алдымен тамаққа әбден тойып алып, жұмсақ төсекке үш күн, үш түн ұйықтап, шаршағаны басылып, есін әбден жинап, сарайды тағы аралап көре бастайды. Тірі жанның иісі де білінбейді. Сөйтіп, сарайды иемденіп тұра береді. Үстіне сауыт киіп, қылыш шабудың, садақ атудың өнерімен жаттығуға кіріседі. Күнде аң аулап өзінің өнерін асыра береді. Кереметтей күші бар екенін және атқан оғы құралай көзіне тиетін мерген болғанын сезеді. Бір күні аң аулап, шаршап, қатты ұйықтап кеткен екен, жер сілкінгендей дүбір, жер жарылғандай айғайлаған дауыстан оянып кетеді. Бұл не сұмдық деп орнынан ұшып тұрып, сарайдың терезесінен қараса, маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар дәу айғайлаған даусы жер жаратындай, астындағы мінген қара тұлпарының тұяғы тиген жер жерошақтың орнындай опырылып, буы бұрқырап, осқырынған күйінде сарайға шауып кіреді. Жігіт сарайдың иесі осы жалғыз көзді дәу екенін біледі. Жалғыз көзді дәу тұлпарынан түсіп, сарайда бөтен иістің бар екенін сезіп, жалғыз көзі отша жайнап: «Кім бұл менің сарайымды иемденген, қазір көзіңді құртайын», - деп айғай салады. Жігіт бәрібір өзінің аман қалмайтынын біліп сауыт-сайманын киіп: «Ей, жалғыз көзді жалмауыз, сарайдың иесі сен емес, мен,» - деп тәуекелге бел байлап айқасуға шығады. Бірден батыр садағын жалғыз көзден дәлдеп тартады. Көзіне қадалған садақ оғын жұлып алып, жалғыз көзді дәу батырмен айқаса кетеді. Үш күн, үш түн алысып, ақырында әлсіреген жалғыз көзді дәу өкіріп барып жығылады. Үсті-басы қанға боялған, есінен айрылған диюді байлап сарай ішіндегі зынданға әкеп тастайды. Жалғыз көзді диюдің жеңілуіне екінші себеп қырық күн, қырық түн үйқы көрмей, тамақ ішпей, ел шауып, неше түрлі зұлымдық істеп сарайына әбден әлсіреп келген екен. Ол сарайына келген соң, қырық күн ұйықтап әбден әлденіп, қайтадан жорыққа шығып отырган. Жалғыз көзді дәуді жеңіп, сарайдың нағыз иесі және қара тұлпар айрылмастай батырдың серігі болады. Жігіт күнде тұлпарына мініп, аң аулап өмір сүре
береді. Ай өтеді, жыл өтеді, бір күндерде жалғыздық жанына батып әке шешесін ойлайды. Сөйтіп ел жаққа барып қайтуға шешімге келіп, жолға дайындық жасайды. Көптеген алтын-күміс, азық-түлік алып жүріп кетеді. Ай жүріп қара тұлпардың күшімен еліне жетеді. Елін жау шауып жұрттары қара түтінге айналып, мал-мүлкінен айрылған халық ашаршылықтан қырылып жатыр екен. Әкесінің қайда екенін сұрастыра жүріп, зорға дегенде, бір күркенің ішінде шешесі мен әпкесінің бір етке таласып жұлқыласып отырған жерінен табады. Күркеге кірген баласын зорға таниды. Бұл таласып отырғандарың не десе, әкесі қайтыс болған екен, сол әкесінің етіне таласып, жеп отырғанын біледі. Жолға алған азық-түлігін әкеп, шешесі мен әпкесін тойғызып, әкесінің қалған сүйегін жерлейді. Ашаршылықтан қырылып жатқан халықты аң аулап өлімнен қутқарады. Және алып келген алтын-күмістерін елге бөліп беріп, халық басына келген опаттан құтқарады. Сөйтіп, елінде бір жыл тұрады. Бір күні шешесіне өзінің үлкен алтын сарайы бар екенін айтады. Сол сарайға барып тұруларын өтінеді. Сөйтіп шешесін, әпкесін алып өзінің сарайына қайтып оралады. Ай өтеді, жыл өтеді. Батыр күнде ерте аң аулауға кетіп, түнде қайтып оралып жүреді. Бір күндері зеріккен шешесі сарай аралап жүріп ыңырсыған дыбыс естиді. «Бұл не екен» деп зынданға қараса, бір жалғыз көзді дәудің отырғанын көреді. «Сен бұл жерде неғып отырсың?» - деп сұрайды. Жалғыз көзді дәу осы сарайдың бұрынғы иесі екенін, баласының жеңіп, осы зынданға әкеп тастағанын айтып, жалынып тамақ сұрайды. Жаны ашыған шешесі тамақ әкеп зынданға тастайды. Сөйтіп баласы аңға кеткенде күнде тамақ әкеп беріп жүреді. Күн өтеді, ай өтеді, жалғыз көзді дәу есін жиып, күшіне ене бастайды. Бір күні батырдың шешесіне былай дейді: «Жападан жалғыз не қызық көріп жүрсің, балаң болса күнде ерте кетеді, түнде келеді. Сенімен жұмысы жоқ, өстіп те өмір сүріп өтесің бе?» - дейді.
- Сонда менің не істеуім керек? - дейді.
- Жалғыз жүргенше, мені жаныңа серік қылып ал. Осы зынданнан мені шығаруың керек, - дейді.
- Жоқ, сені шығарсам, балам сені де, мені де өлтіреді. Сонда жалғыз көзді дәу былай дейді:
- Балаңның білмейтін жолы бар. Сарайдың ішінде үлкен сандық бар. Балаң келерде, мені сол сандықтың ішіне тығып қоятын боласың, - дейді.
- Ал сонда сені зынданнан қалай шығарып алуым керек? - дейді.
- Оның бір-ақ түрлі жолы бар. Ана қара тұлпардың қанжығасында қыл арқан бар. Бір ұшын тұлпарға байлап, екінші ұшын зынданға тастайсың, мені тек тұлпар ғана сүйреп шығара алады», - дейді. Бір күні баласы аңнан келгенде: «Балам, сен күнде аңға кетіп, бізді әбден ұмыттың, бар қызықты өзің көресің», - дейді шешесі. Сонымен батыр бірнеше күн аңға бармай, сарайда бірге болып аң аулаудың неше түрлі қызық әңгімесін айтып жүреді. Аң ауламаса тұра алмайтын батыр: «Аң аулауға барып келейін», - деп шешесінен сұранады. «Барсаң бар, бірақ бір тілегім бар балам. Бір күнге бізге тұлпарды қалдыр, біз де біраз атқа мініп, көңіл көтерейік», - дейді. Батыр тұлпарды қалдырып, басқа ат мініп, аңға кетеді. Баласы кеткеннен соң жалғыз көзді дәуді зынданнан шығарады. Баласы келерде қара сандыққа тығып қояды. Өстіп күндер, айлар өте береді. Батыр аңға кеткенде жалғыз көзді дәу күтімі жақсы, таза ауаға шығып, бұрынғы күшіне ене береді. Шешесімен жақындасып көңілді күндерді өткізе береді. Сөйтіп шешесі екі қабат болып қалады. Ішін байлап баласына білдірмей жүре береді. Күні жетіп босанады. Бір ай мен күндей сұлу ұл табады. Жалғыз көзді дәуге: «Балам келгенше мына балаңның көзін құрт», - дейді. Сонда жалғыз көзді дәу: «Жоқ, бұл менің балам, көзін құртуға болмайды. Бұның амалы баланы орап батырдың келетін жолына апарып таста», - дейді.
Түнде батыр аңнан қайтып келе жатса, аты осқырып үркеді. Қараса, бір сәби баланың жылаған даусы естіледі. Атынан қарғып түсіп, баланы көтеріп алып сарайға шауып келеді, қуанышы қойнына сыймай: «Бір сәби баланы құдай бізге берді», - деп баланы шешесіне ұсынады. Сонда шешесі: «Құрт көзін, бұл баланың, мүмкін бұл жын-шайтан шығар», - деп бажалақтап сыр бермейді. «Жоқ, шеше, бұл жын-шайтан емес, нағыз сәби
бала, бұны біз асырап өсіруіміз керек», - деп шешесін зорға көндіреді. Күн өтеді, ай өтеді, бала өсе береді. Батырдың аңнан шаршап келгендегі ермегі болады. Батыр да, бала да бір-бірлерін өте жақсы көретін болады. Бала өсіп, былдырлап тілі шыға бастайды. Бір күні аңнан келсе, бала сандықты көрсетіп «кака» деп, «уу» деп маңдайын көрсетеді. Шешесіне «менің інім не деп отыр» дейді. «Тілі шыға бастаған соң, өзінше бірдемелерді былдырлап жүргені ғой» деп сыр бермейді. Бала жалғыз көзді диюді өте жек көретін. Маңайына жоламай қашып жүретін болған. Баланың тілі шығып барлық сырларды ашатын болған соң, шешесі жалғыз көзді диюға: «Біздің түбімізге осы сенің балаң жететін болды, бұның көзін құрту керек», - дейді. Сонда дәу: «Жоқ, бұл менің балам. Бұның көзін құртқанша өз балаңның көзін құрту керек», - дейді. «Сонда біз не істеуіміз керек», - дейді шешесі. Жалғыз көзді дию айтады: «Оның бір-ақ амалы бар, балаң ұйықтап жатқанда жанындағы алмас қанжарын әкеп бер, қалғанын өзім жөндеймін», - дейді. Бір күні баласы аңнан шаршап келіп, өз бөлмесіне ұйықтауға кетеді. Баласы ұйықтап жатқанда шешесі ақырын кіріп, алмас қанжарын жалғыз көзді дәуге әкеп береді. Қанжарды алып, ұйықтап жатқан батырдың кеудесіне мініп, «бұны оятып өлтірейін, әйтпесе кімнің өлтіргенін білмей жүрмесін» деп батырды жұлқылап оятады. Батыр көзін ашса, жалғыз көзді дию кеудесінде отырғанын көріп, бір сұмдықтың болғанын бір-ақ біледі. Қанжарды кеудесіне жолатпай алыса береді. Бірақ кеудесіне мықтап отырып алған дәуді аудара алмай жанталасумен болады. Өстіп жатқанда «қалай, өлтірді ме екен» деп шешесі кіреді. Баласы шешесіне: «Өмірі жаманшылық сізге істеп көрмеген едім. Көмектес, мына жалғыз көзді диюді құртуға», - деп жалынады. Сонда шешесі: «Мынадай әке табылмайды, сендей бала табылады», - деп есіктен шығып кетеді. Біраздан кейін әпкесі кіреді. «Әпке, өмірі саған да жаманшылық істеп көрмеп едім, ашаршылықта әкенің етіне таласып отырғанда құтқарып, осындай күнге жеткізіп едім, көмектес, мына жалғыз көзді дәуді құртуға», - деп жалынады. Сонда әпкесі: «Мынадай әке табылмайды, сендей іні табылады», - деп бұл да шығып кетеді. Өстіп жанталасып алысып жатқанда, үйге қылышты ат қылып мініп ойнап жүрген інісі кіреді. Өте жек көретін жалғыз көзді дию ағасының үстіне мініп
өлтірейін деп жатқанын көріп, астындағы ат қылып ойнап жүрген қылышпен дәудің басы, көзі демей пергілей береді. Дәудің беті-көзі қанға боялып, баладан қорғалақтай бергенде, батыр ебін тауып қолындағы алмас қанжарды жұлып алып, дәудің жүрегіне сұғып алады. Жалғыз көзді дәу өкіріп құлап түседі. Батыр ұшып түрегеліп, жалғыз көздіге алмас қанжарды тағы салады. Сөйтіп, жалғыз көзді дәуді өлтіреді. Терісіне сыймай ашуланған батыр ілулі тұрған қылышты жұлып алып, шешесі мен әпкесінің бөлмесіне кіріп келеді. Баласының жалғыз көзді диюді өлтіргенін
біліп, шошығаннан бұрышқа тығылып жалына бастайды. Жандарыңды бағып, тыныш жүріңдер деп уәдесін алады. Сөйтіп, інісі екеуі сарайға ие болып өмір сүре береді. Інісін аңға ылғи бірге апарады. Қылыштасудың, садақтасудың неше түрлі өнерін үйрете береді. Інісі өте ержүрек, мерген болады. Екеуі өте тату-тәтті өмір сүреді.
Ағасының айтқан сөзін кілт етпей орындап жүреді. Күш сынасқанда күші де, ақылы да, тапқырлығы да ағасынан бірде-бір кем болмай, батыр жігіт болып өседі. Бір күні інісі ағасына айтады:
- Біз екеуміздің бұл сарайдың иесі болып, бойдақ тұра беруіміз жараспас, сіздің үйленетін уақытыңыз болды. Пәленше елдің патшасы елге жар салыпты. Бұл елге бір жеті басты айдаһар пайда болыпты. Сол айдаһарды өлтірген батырға қызын бермекші екен. Сіз барып айдаһарды өлтіріп патшаның қызына үйленіп алып келсеңіз, - дейді. Сонда ағасы: «Апырмау, бұл мені бір өлімге жұмсап отырған жоқ па?» - деп іштей ойлайды. Бірақ сыр білдірмей, келісімін беріп жолға дайындалып жүріп кетеді. Кетерінде інісіне айтады: «Мен тірі болсам үш айда қайтып ораламын», - дейді. Ағасын жолға шығарып салып, аңшылық және соғыс өнерімен шұғылданып сарайға ие болып бала тұра береді. Үш ай өтеді, ағасынан ешқандай хабар болмайды. Ағасының бір сұмдыққа ұшырағанын сезіп, ағасын іздеуге бұл да аттанып жолға шығады. Күн жүріп, түн жүріп, ай жүріп бір елдің шетіне келіп ілінеді. Иен далада бір аппақ шатырдың тұрғанын көреді. «Бұл не деген шатыр екен» деп ат басын бұрып шатырға кеп тірейді. Шатыр ішінен ай мен күндей, жібекке оралған сұлу қыз жүгіріп шығып баланың мойнына оралады. «Аман-есен келдің бе, сарғайып сені күткелі бір ай болды», - деп көзінен жасын моншақ-моншақ ағызады. Аң-таң болған жігіт өзінің ағасынан аумайтын ұқсастығын біліп, бұл қыз ағасы екен деп тұрғанын біледі. Шатырға кіріп, жуынып, тамақтанып, есін жиған соң, өзінің ауырып тұрғанын айтады. Қыз төсек салып жатуға кіріседі. Төсекке жатқан жігіт ауырдым деп теріс қарап жатып алып, өзінің ағасының қашан кеткенін, қайда барамын дегенін білдірмей сұрастыра бастайды. «Ойбай-ай, жеті басты айдаһармен алысамын деп есіңнен ауысып қалғансың ба?» - деп өткен күндегілерді есіне түсіре бастайды. Уақиға былай болғанын біледі: Ағасы бұл елге келгенде жылына осы елден жеті басты айдаһар бір қызды алады екен. Елдің қызы таусылып, кезек патшаның қызына келеді. Далаға ақ шатыр тігіп, патша қызын әкеп, айдаһардың келуін күтіп жатқанда ағасының келгенін, содан айдаһарды өлтіруге кетіп қалып қайтып оралмағанын біліп, жігіт сол ауырған күйінде бүркеніп жатып алады. Таңертең ерте тұрып: «Бір жұмысым бар еді, тез қайтып оралам», - деп айдаһарды іздеп ағасының өлі-тірі екенін білуге асығып аттанып жүріп кетеді. Кездескен елден сұрастырып жүріп жеті басты айдаһардың жатқан жеріне келеді. Келсе, үлкен тай қазанның буы бұрқырап суы қайнап жатыр екен. Жеті басты айдаһар қолына түскен адамдарды көгендеп қойып, күнде біреуін асып жейді екен. Ендігі кезек ағасына келгенін біледі. Осы кезде жеті басты айдаһардың қатты ұйықтап жатқан кезі екен. Көгендеулі тұрған ағасын босатып алып, ағасы екеуі жеті басты айдаһармен соғысуға дайындалады. Ұйықтап жатқан жеті басты айдаһардың екеуі екі басын кесіп түсіреді. Қалған бастары өкіріп біреуінен жел, біреуінен су, біреуінен от шығарып, үш күн, үш түн соғысып, батырлар айдаһарды жеңеді. Сөйтіп, айдаһардың бастарын кесіп алып, патшаның қызы жатқан шатырға келеді. Сол кезде патша шапқыншы жіберіп, қызының өлітірісін біліп келіңдер дейді. Екі батырдың айдаһарды өлтіріп басын кесіп әкелгенін, қызының аман-есен екенін хабарлап, сүйінші сұрап патшаға келеді. Сөйтіп, патша алдарынан нөкер жіберіп, екі батырды сарайға алып келіңдер дейді. Бұлар келген соң, патша бүкіл еліне қырық күн той, қырық күн ойын жасап, өз қызын ағасына, інісіне уәзірінің ай мен күндей сұлу қызын үйлендіреді.
Бұл патша елінде бір жыл тұрып, патшадан өздерінің сарайына баруға рұқсат сұрайды. Патша көптеген байлық-қазынаны қырық түйеге артып, нөкерлерімен қосып, қызын жолға шығарып салады. Өз сарайына оралған соң, бір күні інісі ағасына: «Сіз де өте мергенсіз, мен де сізден калыспаймын, бір мергендік сынасып көрейікші», - депті. «Ал сынассақ, сынасайық, сонда не атуымыз керек», - дейді. Інісі үстіндегі камзолын шешіп тастап, қырық адым жерге барып, шынтағына басындағы кепешін жабыстыра кигізіп: «Осыны денеге дарытпай атуымыз керек», - дейді. Сонда ағасы: «Ойпырай, осы бір қастық ойлап тұрған жоқ па, қалай бұл денеге дарымайды?» - деп ойлайды да, бірақ сыр білдірмейді. Сонда: «Сіз үлкенсіз жол сіздікі, ал, атыңыз», - деп інісі тұра береді. Ағасы уәде берген соң, амалсыздан кепешті дәлдеп садағын тартады. Шынтағына жабысып тұрған кепешпен қоса терісін сыдырып бірге ұшып түседі. Ағасы жүгіріп барып: «Ойпырай, мынау қиын болды ғой. Ал, енді сен ат», - деп кепешті шынтағына киіп орнына барып тұрады. Сонда інісі айтқан екен: «Жоқ, енді мен атпаймын, бұл шынтақтың кінәсі бар еді. Өзіне сол керек», - дейді. «Баяғыда менің жеңгем шатырда жатқанда, мені сіз екен деп жанына алып жатқанда, осы шынтағым тиіп кетіп еді», - дейді. Сонда ағасы інісінің нағыз адал екеніне көзі жетеді. Сөйтіп ағалы-інілі екеуі бақытты ұзақ өмір сүріп, мұраттарына жеткен екен.

Ақпарат көзі: aldiyar.kz
4477