Төрт дәруіш — ұшқыш кілем / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша) Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Төрт дәруіш — ұшқыш кілем

Баяғы заманда қара басы бақ-дәулетке емін-еркін болса да, дүниенің ауыр бір арманына ұшырайтын адамдар болған екен. Сондай бір арманды адам иен далада зар илеп жападан жалғыз келе жатады. Аты -Мұратқан. Сонда Мұратқан «не қылам, үш жыл сандалып көк өгіздің уақиғасын біле алмадым, бұл былай тұрсын, іздеп шыққан қыздың да жүзін көріп ауыз екі сөйлесе алмадым, енді мұны ұшқан құс, жүгірген аң білмейді, қайтып кетуге ел-жұртымның қайда қалғанын тағы білмеймін. Көкте екенімді, жерде екенімді қазір білер жан жоқ» деп, төмен қарап аяңдап келе жатыр еді,адамша азынаған бір дауыс құлағына жетті. Адамзат көрмегеніне, ел жұрттың бетін көрмегеніне талай замандар өткен Мұратқанға мына дауыс бір түрлі қорқыныш сияқты да болады «Я, алла, бұл не ғажап, бұл жерде адам баласы жүрмейтін еді ғой» деп, жан-жағына көз салып қарап тұра қалды. Қараса, алдына бір үлкен дәу таяп, төніп келіп қалған екен. Әлгі дауыс қоймай мұны шақыра бергендей болды. Мұратқан бұл да өзімдей адам шығар деп тауға қарай жүрді. Биік тауға таяп келгенде, бір үлкен құс сияқты нәрсені көрді. Мұратқан, басы адам сияқты болған соң, бұл адамша тіл біледі екен деп ойлады. «Ей, бері келгін», — деп дауыс берді. Оны құс тыңдамай кетіп қалды. Мұратқан ойланып, «адам сияқты құс болады деуші еді, осы екен ғой, мұнан гөрі дұрыстау біреуі тағы бар шығар» деп, таудың басына қарай жүрді. Бір заманда таудың басына жетті. Келсе, бір биік тау, жан-жағына қарады, еш нәрсе көрінбейді. Жалғыз ақ етекте бір қара тұр. Онысы бейіт болып шықты. Оның ішінде бір нәрсе қараңдайды. Онан басқа еш нәрсе жоқ. Мұратқан біраз дамылдап отырды да, «қой, бүйткенше өлген артық, ақыр ит жемеде кетеді екем, онан да жанымды қинамай тастан секіріп құлап өлейін» деп, әлгі биік тасқа келіп, енді құлайын деп тұрғанда арт жағынан бір дауыс: «Ей, ақымақ, құдайсыз ажалды өзің сұрама, бейітке барсаң мұратыңа жетесің», — деді. Артына жалт қараса, дәнеме жоқ. Сонан соң, «анау қарайған бейіт екен ғой, оған да бара кетейін» деп ойлады. Соған қарай жүрді, кіріп келсе ішінде үш адам отыр. «Ассалаумағалайкүм», — деді Мұратқан. «Ағалайкүмассалам, жоғары шық», — деді отырғандар. Біраз отырған соң үшеуі бір-бірінен жөн сұрасты. Отырған үшеуі Мұратқаннан халін баян етуді тілек етті. «Сонан соң бәріміз де кезекпен айтамыз», — деді. «Жарайды», — деп, Мұратқан сөз бастады. Бірінші дәруіш «Мен Бағдат шаһарындағы Патшаның баласы едім.Әкемнің патшалық дәрежесі үлкен. Қол астына бірнеше шаһар қарайды. Мен жалғыз баласымын, әбден кәмелетке толдым. Бір күні жалғыз өзім сарайда отыр едім, ойыма әлденелер түсті. Қой бүйтпейін, не қылсам да дәулет жетеді ғой, әкем бетімнен қақпайды, халық аузында жүрерлік бір іс істейін деп ойладым. Сол шаһарға қараған балташы, ұста барлығын жиып алып, шаһардың орта тұсын көрсетіп: «Осы жерден сыртын неше түрлі өрнекпен безендіріп, маған тамаша бір сарай саласыздар. Қараған адам қайтып көзін алмайтын болсын. Алтын,гауһар, інжуден салынсын, қараңғы түнде неше шақырымдай жерді жарық қылып тұратын болсын. Мен өзім сарай біткен кезде келіп бір-ақ көрермін. Және қырық есігі болсын, әр есік әр қабырғадан шығатын болсын. Егерде осы айтқандай болмай, сарай көңіліме ұнамаса,тегіс бастарыңды алам», — дедім. «Құп, тақсыр», — деп шу ете түсті. Осымен жүріп кеттім.Мен сарай салғызып жатырмын деп әкеме айтпадым.Сонымен аң аулап, саяхаттап жүре бердім, жарты ай аңда болсам, жарты ай үйде, осы сауықпен бір жыл өтті.Бір күні қасыма қырық нөкерімді ертіп алып сарайымның біткен-бітпегенін көруге келдім. Келсем біткен екен. Өзіме хабар етіп, көрсетуге күтініп отыр екен. Байқап қарасам,сарайдың сыртына адам баласының көзі тояр емес, алтын-күміс жалатыпты. Қайран қалып көзімді айырмадым.Бұл алтын күмбез сарайдың сұлулық тамашасын көрген адам соған қарап тұрумен-ақ өмірінің қалай өткенін білетін емес. Енді ішін көрейік деп, бір есігінен кіріп едім, есім шығып кетіпті, қайдан келіп, қайда баратынымды Ұмытып кеттім. Қырық жігіт қасымда, әлгі сарайды үш күн аралап зорға бітірдім. Ішінде жүріппіз де қойыппыз.Бой жазып біраз жүрген соң бір жігіт: «Мұнымыз қалай,түк көрмеген кісіше жан-жаққа қарап жүріп алғанымыз?»- деді. Артыма жалт қарап: «Қанша уақыт болды», -дедім. Жігітім: «Бүгін біз келгелі үш күн болды», — деді.«Ендеше қайтайық», — деп далаға қарай жүріп едік, жол таба алсақшы. Әрі-бері жүріп едік, жол таба алмадық. Сонан соң үй салған бір балташы есіктен шығарды. Қайтып келген соң әкеме хабар салдым.
- Жарайды, — деп, әкем қырық уәзірін қасына ертіп сарайды көруге кетті. Аралап жүріп кайтты. «Жасым алпысқа келді, неше жыл патшалық дағуасын құрдым, осы уақытқа дейін артыма мұра болып қаларлық бір іс істемеген екенмін. Балам, қайырлы болсын», — деп әкем маған риза болды. Кешікпей мен сарайға кірдім. Кірген соң қырық есігіне қырық күзетші қойдым. Қайыршы келетін болса, әр есігінен бір мың ділдә беретін қылып қойдым, сөйтіп салтанатпен бірнеше уақыт өмір сүрдім.Бір күні нөкерім қасымда, көңілім шаттанып, әңгіме-дүкен құрып отырып: «Осы дүниеде менен де салтанатты патшазадалар бар ма екен, шіркін бақ мынау, дәулет мынау, жомарттық, сән-салтанат мынау, енді осыларыма лайық ай мен күндей бір сұлу жарым болса», — дедім. Нөкерлерім үндемей отырды да: «Тақсыр, олай демеңіз кім жоқ дейсіз, дүниеге кім келіп, кім кетпеді осы күнде. Мысыр шаһарінің Ыбырайым атты патшасының, Шамшибану деген қызы бар, оның сұлулығына теңдесетін жан жоқ, он төртінен туған айдай, көзі түскен адамды еріксіз елжіретіп әкетеді. Оның қазіргі патшалығы және жомарттығы сізден он есе артық, оның да осы секілді сарайы бар. Мың жерден есік шығарған, келген қайыршы болса,сол есіктің бәрінен қайыр алады, бір алғанда қайыршы басы он мың ділдә алады. Оның бұл жалғанда теңдесі жоқ және сол жерге келген қонақты қандай асығыс шаруаң бар болса да, үш күн қондырмай жібермейді. Сол қыз келсе, әрине бұл сарайыңыз мұнан да артық гүлденер еді. Бірақ ол келмейді ғой», — деді. Мына сөз маған мейлінше ауыр тиді. Қатты қаһарым келіп:
- Сен, лағнат, аузыңа келгеніңді оттап не деп былжырап отырсың, осынша халықтың алдында масқараладың, — деп әлгі нөкерімді жазалайтын болып, екі жендет шақырып алып: «Мынаны дарға тарт!» — дедім. Енді жендет тартып жөнелгенде: «Тақсыр, дат», — деді. Көз көрген жолдас қой, «айта қой, датыңды» дедім. Көзінен жасы ағып: «Тақсыр, мен сізге айтқанда сізді кемітейін деп, болмаса қорлайын деп ойлаған жоқ едім. Көп қызмет істегенімен, сізге тәуір әйел керектігін ойлап не қылса да соны алсын деп едім, сізге еш қастығым жоқ, енді менің сізден сұрайтыным, хан әмірің екі емес қой,мені қазіргі өлімнен босатып, қашан Шамшибану қыздың сондай екенін білгеніңізше зынданға сала тұрыңыз, егер менің осы сөзім өтірік болса, ризамын, басымды алыңыз, болмаса, рас болса, қайтесіз, нақақ қанымды төгесіз бе?»- деп, еңіреп қоя берді. Мен бұл сөзге тоқтадым да:«Ашу үстінде жаза бердім, қанша жазасы болса да кештім», — дедім. Ол: «Жоқ, тақсыр, хан әмірі біреу, мені зынданға салыңыз, қыздың хабарын білген соң босатарсыз», — деді. «Жарайды», — деп, оны салдырып тастап қанша сауыт-сайманмен Шамшибануды іздеп жүріп кеттім. Шамшибануды іздеп көп қайғырдым. Арып-ашып шаршадым. Өзім жаяумын. Әлдеқандай заман болады деп істетіп, киіп шыққан темір етік таусылып оймақтай қалғанда, темір таяқ таусылып тебендей қалғанда екі көзіме көк шыбын ұялап, қыбырлап қана келе жатыр едім, бір мезгілде алыстан ызылдаған дауыс шықты. Дауыс шыққан жаққа қарап байқасам, ат үстіндегі адамдай біреу алдында бір нәрселер салып айдап жүрген секілді. Азырақ тұрдым да, «қой, неде болса бұған барайын» деп ойлап, ептеп аяңдап жүріп келе жаттым. Өмірден күдер үзгендей таяп келсем, адамзат екен. Келе амандасып жөн сұрастық. Мен шалға Мысыр шаһарының қызы, Шамшибануды іздеп келе жатқанымды баяндадым. Қойшы шал менің сөзімді тыңдады да: «Ой, байғұс,оған жолығып амандасам деп әуре болма, өзі осы күні ауру, адамзатқа көрінбейді, не себептен болғанын білмеймін. Үстіне әкесі де кірмейді дейді. Сыртынан барған сен бір мүсәпір адамсың, жолығам дегенге болар ма екен. Ал, барам десең сол Мысыр шаһары осы арадан түстік жерде, мен сол ханның отардағы қойын бағып жүрген кісімін», — деді. Қойшының жөнімен шаһарға қарай жүріп кеттім, күн бата шаһарға жеттім.Шаһардың сән-салтанаты адам қарап тоймайтын сұлу екен. Жолыққаннан патшаның сарайын сұрайын деп, тамашалап бір көшемен жүріп келе жатыр едім,бүйір жақтан «тоқта» деген дауыс шықты, қарасам бір адам жаныма келіп: «Қайда барасыз, тоқтаңыз, бүгін мынау үйде қонақ боласыз», — деді. — Патшамыздың әмірі бар: «Қонақ қылмай адам баласын өткізбе», — деген, үш күн мұнда боласыз да, баратын жеріңізге сонан соң барасыз», — деді.Тоқтағым келмей, не болса да патша сарайына барып жетейін деп едім босатпады. Амал бар ма еріп үйіне келдім. Кіріп келсем, сол үйдің өзін қонаққа деп арнап салдырған екен. Қарап отырдым, осы қонақ үйдің өзі сарайыма таяу бар екен. Отырысымен тамақ әкелді. Жасаған сайманы көрмеген қымбатты нәрселерден екен. Ішіп болған соң ыдыс-аяқты апарды да, енді біздің мүліктен шықты деп, бір бұрышка үйіп тастады. Аздан соң ет әкелді, оған да жасаған нәрселерді анадан артық, көзді тайдыратын, қалай адам баласының қолына түсті екен, бұл нәрсе тек періде ғана болуы мүмкін ғой деп ойладым. Сонымен үш күн жаттым, тамаққа жасаған нәрселердің бірін-біріне қоспады, бірінің артынан бірін бағанағы бұрышқа үйе берді. Мерзімді уақытым толған соң жүруге ұлықсат сұрадым. Енді ұлықсат берді, бірақ сізге айтатын сөз мынау: «Үйілген нәрсе біздің мүліктен шыққан, тағам берген соң сіздің мүлкіңіз болып қалған, бірге ала кетіңіз», — деді. «Жоқ, рахмет, көлігім жоқ,алып жүре алмаймын, керегі жоқ», — деп едім: «Жоқ болмайды, патша білсе басымызды алады, мұны алмай кете алмайсыз», — деді даяшы. Алмаймын деп едім еріксіз берді, амал бар ма, алып шығып арқалап келе жатыр едім, жолда бір қайыршы кездесіп, құдай алдында қарыздығым жоқ деп нәрселерді әлгіге беріп, патшаның сарайының жөнін сұрап алып жүріп кеттім, енді көшенің ортасына жете бергенде және біреу ұстап алып қонасын деп жібермей тағы қондырды. Байлаудағы адамдай қонбайым десем болмайды. Бұл да әлгіні істеді, сонымен қыздың сарайына жеткенше тоғыз қондырды. Сол арада берген нәрсе бір шаһардың мүлкіне тұрады деуге болар. Бұдан құтылып өтіп қыздың сарайына келдім. Бір адам жүгіріп шығып, үйге кіргізді. Кірген соң жөн сұрасып отырдық. Әлде уақытта бір бәйбіше адам келіп жайымды білген соң, бір жендетін шақырып менің шаруамды айтты. Жаңағы келген кісі қыз, Шамшибанудың даяшысы екен де, бәйбіше шешесі екен. Ол отырды да: «Ой, шырағым, сенің қолыңнан келмейді ғой, — деді. — Себеп, осы күні Оңтүстік жақта бір патшаның баласы бір көк өгізге жылында бір дүре салып, артынан өзі зарлап жылайды екен. Өмірі осымен өтіп келе жатса керек. Сол не себептен сөйтеді, соның кінәсін біле алмай, Шамши қазір қайғы үстінде, кімде кім соны біліп келсе, мейлі кайыршы болсын, мен соған тиемін дейді», — деді. «Жарайды, оны мен табам», — дедім де, соны іздеймін деп жүріп кеттім.Сонымен айлар, жылдар жүріп отырып, айтқан жөнмен, іздеп, арып-шаршап бір шаһарға келіп жеттім-ау. Бір көшенің бойын өрлеп жүріп келе жатыр едім, бір шал адам ұшырасты. Шалдан:
- Ата, бұл шаһар не деген шаһар, — дедім. Шал тоқтап:
- Балам, өз жолың болсын, қайдан келесің, — деді.
- Айтқаның келсін, мен бір мүсәпір баламын, баласы жоққа бала болам, — дедім.
- Ой, қарағым, перзент көре алмай өмірім жылаумен келе жатыр еді, маған бала боласың ба? — деді қарт.
- Жарайды, ата, болам, — дедім. Шал қошеметтеп бетімнен сүйіп, үйіне ертіп алып келді. Бір кемпірі бар екен, ол да қуанып жылап көріскендей болып жатыр. Сол уақытта күн сәске еді. Шал мен кемпір айтты: «Балам, біз мына халықпен бірге баратын жеріміз бар», деді. Жөнін сұрап едім, «көк өгізді жігітке барамыз» деді. «Ата, мен де барайын, сізге бала болдым ғой, осы бастан ел таниын», — дедім. Менің көңлімді қия алмай екеуі: «Жүрсең жүре ғой», — деді. Қуанып кеттім, Өне бойларына қара киіп алды, маған да кигізді. Далаға шықсақ бүкіл шаһардың халқы қара киген, батысқа қарай шұбырып кетіп бара жатыр екен. Барлық халық шаһардан үш шақырымдай бір тоғайдың жанына барып, қаз қатар тізіліп отырды. Бұлар біраз отырғаннан кейін бір көк өгіз мінген жігіт келді, артына мінгескен бір жігіті бар, жарты шақырым жерге келіп түсіп, артына мініп келген жігіттің қолындағы қоржынынан бір кесені алып, мінгескен жігітке берді.Ол отырған топқа жүгірді, халықтың бәріне, басынан аяғына дейін кесені көрсетіп өтіп, қайтып жолдасына келді. Кесені қолына алды да жар салып, үш бөліп,қылышпен жігіттің басын қағып тастап, көк өгізді жігіт зарлап кеп жылады. Жылаған уақытта шыққан даусына адамның сай-сүйегі сырқырады. Тыңдаған халықтың бәрі төмен қарап жыласып отыр, біреуі жоғары қарамайды. Бағанағы жігіт жылап-жылап өгізіне мініп ап жөнеле бергенде мен соңынан тұра жүгірдім. Кетіп бара жатқанда жанымда отырған шал: «Қайда барасың, қарағым, өлтіреді», — деп, жылап қоя берді. Оған болайын ба, іздеп келген шаруамның өзі сол еді. Жүгіріп бара жатқанымда бір жігіт, «мынау адамды жын соққан ба, ұстаңдар, жібермеңдер, ажал түртіп жүр ме, өзінің дені сау адам емес, босатпаңдар» деп, ұстап, жібермей-ақ қойғаны. Енді қайтерімді білмедім, онан босап баруға тұратын мекенін пенде білмейді, адасып қалдым. Ызаланып енді екінші жылға қалдым. Сол баяғы алғашқы келген шалдың қолында мен бала, ол әке болып жүре бердім. Жыл он екі ай өткен уақытта көк өгіздің келер уақыты жетті, әке-шешем қал деді, мен барам деп,ақырында менің көңілімді қимады, ертіп жүрді. «Бірақ ана жылдағыдай тағы жүгіріп жүрме, өлтіріп тастайды,ол жігіттің алдына ешкім барған емес», — деді әкем. Мен «жарайды» деп алдап жүріп топқа келдім. Отырғаннан кейін әрі-беріден соң көк өгізді жігіт келді. Баяғысындай кесе беріп, жігітті жіберді. Жігіт елге көрсетіп болып қайтып барған соң кесені сындырып, жігітті өлтіріп, ой, зарлап жылады дейсің. Сонан соң өгізіне мініп жүре бергенде артынан тағы жүгірдім. Отырғандар: ой, мына жітіттің дені сау емес, ұста деп, тағы жібермей қалды. Досым, замандасым, қайғысына ортақ едім, жібер деп халыққа жалынып едім, әке-шешем өтірік айтады деп,ешкім мені босатпады. Сонан сорым қайнап жылай-жылай үшінші жылға тағы шал мен кемпірдің қолында тұра бердім. Ол екі байғұс өз баламыз деп мені жақсы күтеді, жанын үзеді. Кейде: «Қарағым, сен неге күліп-ойнап жүрмейсің, әрқашанда ренжіп жүресің, не ойың бар, айтшы? Әлде тамағың аш па? Болмаса киімің жаман ба?» -деп сұрайды. «Жоқ, ата, өзімнің мінезім солай», — деп айтпаймын, тек жүрем де қоям. Сонымен тағы бір жыл өткен соң елдің баратын уақыты болды. Дәл ертең барамыз дегенде: «Әке, мен бір жерге барып келем», — деп, кешке жақын кетіп қалдым. Жігіттің келетін жолындағы белгілі бір тоғайға келіп, жасырынып, бұғып елге көрінбедім. Ертеңінде дәл түсте жігіт шаңды бұрқыратып келе жатыр екен. Алдынан жүгіріп шығайын дедім де, «қой, оным асығыс болар қайтқан бетінде жолығайын» деп тұрдым. Баяғыдай өгізінен түсіп, елге кесені көрсетіп, қайтып барғаннан кейін кесені сындырып, жігітті өлтіріп, жылап-жылап зарлап болып, бір ақырып қалды. Отырған ел ағытқан қозыдай шаһарға қарай жөнелді. Олар кеткен соң жігіт те жөніне қарай қайтты. Жүре бергенде артынан жүгірдім. Тақай бергенде артына жалт қарап, қылышын суырып ала ақырып, маған тұра ұмтылды. Мен «бәрібір өлетін адаммын, онан да осы менің қаныма сіз ортақ болып, басымды алып тастаңыз» деп, басымды ұсына бердім. Таяу келіп, қылышын қынына салды да: «Бұдан былай жүрме, егер жүрсең басыңды алам», — деді де жүріп кетті. Мен қарап тұрмадым, артынан тағы жүгірдім.

9422