Ағаш ат / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша)











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Ағаш ат

-Балам, айтпа маған ондай пәлені. Сол ат болмаса сен қақтығып Санга қаласына барар ма едің. Әйтеуір ажалың жетпеген соң келіпсің. Болмаса, самсаған әскер сені тірі қоя ма? Жын, перідей аспанға ұшты деген не пәле? Мұнан былай ол пәленің маңына жуушы болма, — деді.
Әкесінің икемге келмейтінін сезген бала далаға шықты. Ойына Санга патшасының қызы түсті. Оның мөлдіреген көзі, гүл жайнаған беті шаһзаданың жүрегін құйындай ұйтқытып, сабырын алды. Әкесінің ағаш атын қостамауы да қосымша себеп болды. Баласы үй төбесіндегі атына келіп, мініп алды да тартты. Артынша баласын іздеп үйден шыққан әкесі көкте көлбеп ұшып бара жатқан баласын көрді. Патша екі қолын көкке көтеріп, гөй-гөйге салды да қала берді.
- Енді осы жерге қайтып оралатын болсаң, ағаш атыңды ақыр заманда көрерсің. Оңба, сондай сұмдықты істеп жүрген, шебер, — деді. Баласы көрген жері Санғаға қарай ұша берді. Шаһзада көкте саяхат жасап, Санга қаласына да жетті. Баяғы өзі көрген қыз үйінің төбесіне атын қойып, сатымен сарайға түсті. Барлық бөлмені аралап ешбір кісі таппады. Ақырында әлде қайдағы оңаша бір бөлмеде қыздардың күбірлеген үнін естіді. Патшаның қызы сонда жатыр екен. Жігіт кеткелі қыз жастықтан бас көтермеген. Жылай-жылай көзі домбығып ісіп кетіпті, шаһзаданың амандасқан дауысын естігенде қыз басын көтеріп, құшағын жая түсті. Шаһзада кеткеннен бері қайғы бұлты басқанын, әрбір күні жылдан ауыр болғанын айтты.
-Егер сенен айрылу оңай болса, кеше кеткен адам, бүгін қайтып келмес еді, — деді шаһзада. Екі ынтығу бір жерден шыққан соң, уәдені мықтап байлапты. Ертемен үйдің төбесіндегі атқа барды да, екеуі мінгесіп алып шаһзаданың қаласына тарта берді. Құстай ұшқан ағаш ат әп-сәтте қаласының үстіне де келіп қалды. Көңілі судай тасқан шаһзада үлкен қаланы қызға көрсетіп, айнала ұшты. Ақырында әкесінің тамаша бағына келіп түсті. Бақ ішіндегі сарайда атты қызға тапсырды да өзі әкесіне кетті. Қызға:
-Мен саған хабаршымды жіберермін. Осы бақтың ішінен саған арнап сарай салғызам. Сонда менің қандай патшаның баласы екенімді білесің, — деді. Қыз оған риза болып, шаһзаданың мойнынан құшып, бетінен сүйді.
- Жаным, не құрмет көрсетсең де ендігі ықтияр өз басыңда, — деді. Қыздың көңіліне үлкен той үстінде қалаға кіретіні түсті.
Патша баласын көргенде:
- Балам, әйтеуір, әлгі кызын қызғанатын патшаға бармай кайтып келдің бе? — деді.
- Әке, әдейі шыққан соң неге бармай қайтайын? Бармақ түгіл қызын алып келдім. Өзіңіздің тамаша бағыңызда отыр. Оның әкесі менімен ұрыстырамын деп қырық мың әскерін жинап еді. Сіз әскеріңізбен оның құрметіне шығыңыз. Сіздің қуатыңызды қызы қуаныш үстінде көрсін, — деді. Патша қуанып барлық әскерін мереке сапына дайындалсын деп бұйрық берді. Өзі қаланың басты кісілерін ертіп атқа мінді де, қыз қалған баққа баруға әзірленді. Шаһзада қыз үшін бір сарайды босатып, қызметші қыздар дайындатты. Сөйтіп өзі алдымен қыз қалған сарайға келді. Қайтып келсе қыз жоқ. Барлық сарайды ақтарып ағаш атты қойған бөлмеге келсе, ат таболмай шықты. Шаһзада маңдайын төбелеп: «Қыз аттың тетігін қайдан білді екен?… Тегі атқа мінемін деп көкке ұшып бір жаққа лағып кетіп қалған екен ғой», — деп ойлады. Сарайдың қақпасын күзетіп тұрған күзетшілерден:
- Бұл сарайға қандай бейсауат адам кірді? — деп сұрады. Олар шаһзадаға:
-Ешқандай бөгде адам сарайға да, баққа да кірген жоқ. Тек сізге ұшатын ағаш ат жасап әкелген ғалым ғана дәрі істейтін шөп жинаймын деп кірген, — деді. Бақтың түкпірін қоймай қарап, ғалымды таппады. Түкпірі жоқ тұңғиық ойға шаһзада батты да қалды.Күлімдеген қуанышы бұлтқа кірген күндей болды. Шаһзада үйіне кетіп, әкесін қуантып жүргенде, қыз бен ағаш аты жоғалған уақиғасы былай болып еді. Заманның өрлеген санасы жалпыға бірдей болмаса, жалғыздардың бойындағы биік сана — бейне бір аласа егіндердің ішіндегі жалғыз тал биік өскен дән сияқты болады. Оның өзгеден артық шыққан бойын қорғаушы болмайды. Соққан жел де, ұйтқыған құйын да, сұқтанған көз де алдымен соған тиеді. Көп дәннің бірі болғанымен жебелеп өскен жел қағары болмаса, ол бәрібір жалғыз. Сол сияқты өнерсіз елдің ортасынан шыққан жалғыз өнерпаз да қорғансыз, бәлеге тез ұшырайды. Оның сырын ұғынатын жебелеп өскен жәрдемшісі жоқ. Міне, ағаш атты істеген шебер де парсы елінен үздік шыққан бір өнерпазы екен. Оның оқымаған оқуы, үйренбеген өнері калмады. Көп білімнің дауылымен толқыған қиялы шарықтап он сегіз мың ғаламға симады. Алдыңғы өмірге қанша қарағанмен, салынған жолдың сүресі табылмай ақтарылды. Ақырында, көкке ұшу үшін атты әлденеше жыл еңбек етіп, ойланып, толғанып дайындаған еді, бірақ өнерін қараңғы халыққа түсіндіре алмай, бір кісі түсінсе сол түсінер деп, парсының саналы деген бір патшасына алып келген еді. Үміті ақталмады. «Аспанға ұшатын пәле әкеліп, баламды -жоғалттың» деп, зынданға қамап қойды. Сөйтіп, тапқан өнері жанына рахат емес, азап шегуге себепші болды. Оның үстіне табиғаттың қосымша берген бір міні — жас өнерпаз түріне кісі қарағысыз, келбетсіз еді. Жүзінің сау жері жоқ шұбар, көмірдей қап-қара болатын. Патшаның қызына жолатпай жай өнершіге берген көп қызының бірін оған бермеуінің бір себебі де сол еді. Ол дәрі істейтін шөпті жиғалы бақшаға кіргенде, сарайдың терезесінен өзі жасаған атқа көзі түсті. Көзіне оттай басылды, бөлмеге кірді де, тетіктерін қарай бастады.Атының бұзылмағанын көріп қуанды.
-Мінейін де ұшып кетейін, — деді өнерпаз. Ғалым ағаш атты қайта қарап шықты да: «Бұл атты күзетіп тұрған кісі болар», — деп бөлмелерді аралады. Сөйтіп жүріп қыз отырған жерге келді. Оның күндей күлімдеген
сұлу жүзін көргенде есі ауып кетті. Ғалым кызға басын иіп:
-Сіз шаһзада әкелген қыз боласыз ба? — деді. Қыз оның сүйкімсіз бейнесінен шошынып:
- Сіз кім боласыз? Мұнда неге келдіңіз? — деді үрейленіп.
- Мен шаһзаданың жіберген кісісі едім, — деді ғалым.
- Сенен басқа түрі тәуірлеу біреу табылмады ма екен!… Түрің қандай жаман еді! Шошып кеттім, — деді патшаның ерке қызы.
- Сіз сұлу болған соң түсі өңдіден қызғанған болар. Мен оның сенімді қызметшісі едім, өзі әкесінің қасында қалды. Сізді алып кел деп жіберіп еді, — деді. Қыз оның сөзіне сеніп жүруге ыңғайлана бастады. Қыз орнынан тұрды. Бөлмеден шыққан соң:
- Мен мінетін не алып келдің? — деді.
- Өзің мініп келген атқа мінеміз, — деді өнерпаз.
- Мен ол атқа жеке міне алмаймын, — деді қыз.
- Шаһзадамен қалай мінгесіп келсең, солай кете береміз, — деді ғалым. Ғалым алдына мінді, қыз артына мінгесті. Қызды құлап кетпестей етіп беліне байлап алды да, аттың оң жағындағы тетігін бұрап жіберді. Ат аспанға қалқып ұша бастады. Қыз ғалымның қандай ойда келе жатқанын түсінбеді. Әйтеуір ат көкке көтерілгенде көзін жұмып еді. Енді көзін бір ашқанда, қала көрінбейді, бұлттың арасында бара жатқанын байқады. Қыздың жүрегі су ете қалып:
-Сұмдық-ай… қайда ұшып барамыз?! Шаһзада қайда? — деді.
- Шаһзадаңа өлім келсін! Үйінде, әкесінің қасында отыр, — деді, зуылдап ұшқан аттың желімен арпалысып, бір оң жағын, бір сол жағын бұрап отырған ғалым.
-Өзің қандай адамсың? Қожаңның әмірін орындамай, бетіңмен кеткен қандай құл едің? — деді қыз.
- Өшір үнінді, мен құл емеспін. Шаһзада маған қожа емес. Мен осы ұшатын атты істеген шебермін. Менің бірнеше жылғы еңбегімді қолына түсіріп алып, маған өң берудің орнына зынданға салып азаптады. Атыммен аспанды сайраңдап, сені алып келді. Енді ат та, сен де қолыма тидің, көңілім қайда қаласа, сонда барам. Менің барған жеріме сен де барасың, — деді. Қыз бетін жыртып, шашын жұлып:
- Ойбай, сүбіхан-ай!… сорлаған екем ғой, не сүйген күйеуім жоқ, не әкем мен шешем жоқ, қаңғырды деген осы ғой, — деп жылады. Оған ғалым:
- Долданба, аттан құлап кетесің. Мен шаһзададан жаман болмаймын. Адал еңбектің есесіне азап беретін жауыз мен емес. Сені күтем, — деді. Қыз оны тыңдаған жоқ, солқылдап жылай берді. Ағаш ат аспанда қалықтап отырып Рум қаласының үстіне келгенде, сол жақ тетігін бұрап, қала шетіндегі жемісті қорғанның ортасына түсірді. Қаланың патшасы аң аулап қайтып келе жатып, ағаш аттың жанында тұрған сұлу қызға көзі түсті де, әскерімен қамап алып, ұшуға мұршасын келтірмей ұстап алды. Ағаш атты көтеріп, қыз бен ғалымды ертіп патшаның алдына апарды. Патша сұлу қызбен, репетсіз ғалымды көріп қайран қалды. Ол қызға қарап:
-Бұл қалай, бірің кісі таңырқағандай сұлусың, бірің кісі қорыққандай сұрықсызсың! Неғып жүрген адамсыңдар? — деді. Қыз үндемей төмен қарап қалды.
- Тақсыр, бұл менің әйелім. Жаныма ертіп тамашалатып жүрмін, — деді ғалым. Қыз жұлып алғандай:
-Өтірік айтады, тақсыр. Мен мұның әйелі емеспін. Тіпті танымаймын да. Әйтеуір бір себеппен қолына түсірді де, ұрлап алып келе жатыр. Ол жағдайларымды өзіңізге кейін айтамын. Тек мені осының қолынан құтқа-
рыңыз, — деді. Патша қыздың сөзін естіп, ғалымды жазалап зынданға салғызды да, ат пен қызды ордасына алып кетті. Сөйтіп аспанға ұшқан қыз бен ғалымның халі осылай болды. Ал, шаһзада қыздан айрылғанына көзі жеткен соң, әлде-кімнің «ағаш ат осылай қарай ұшты» деген сілтеуімен қайғырып іздей берді. Кездескен қала, қыстақтан жеке жолыққан адамнан «ұшып бара жатқан ағаш ат көрмедіңдер ме?» деп сұрады. Кейбіреулер күліп, кейбіреулер қайран қалды. Жақын жерде қыз бен ғалымнан хабар білінбеді. Ақырында қыздың қаласы Санғаға барды. Онан да ешқандай хабар таппады. Бірақ сүйікті қызынан айрылған шаһзада жалықпай іздей де берді. Ендігі беті Рум қаласы болып, оған таяу бір кішкене қалаға жетті де керуен сарайға түсіп дем алып жатты. Бір топ саудагерлер әңгіме соғып отыр еді:
-Уай, мен бір керемет есіттім, — деді біреуі.
- Не есіттің, кәне айтшы, біз де естейік, — десті жанындағылар.
- Осы қаланың патшасы бір күні аң аулауға барған екен дейді, сол патша аңнан қайтып келе жатып жеміс бағы ішінде агаш атпен ұшып жүрген бір сұлу қыз бен түрі жаман бір еркекті ұстап алыпты.
- Е-е… ағаш атпен ұшып жүрген деймісің?! — Астапыралла, шайтан шығар… Оны қайтыпты?
-Патша түрі жаманнан сұраған екен, «сұлу қызды әйелім» депті, қыз «өтірік айтады, мен оның әйелі емеспін» депті… Сарайда жатқан саудагерлер: ұшатын ағаш ат, ұсталған қыз бен жігіт туралы аңызды айтқан саудагердің әңгімесін қызыға тыңдасып, құйқылжыта қиял етіседі. «Қыз мен мұның әйелі емеспін. Бұл мені алдап ағаш атқа мінгізіп, аспанға ұшып кетті депті деймісің? Патша қыздың сөзін тыңдап түрі жаман адамды зынданға салыпты да, қызды ордасына алып кетіпті деймісің?» деп таңданып, әңгіме айтқан саудагерден қайта сұрай берді. Қайран қалған бірі:
-Ой, сұмдық-ай!.. әлгі аспанға ұшатын атты қайтыпты? — деді.
-Қайтушы еді? Ұшатын ат тек тұрады деймісің? Көкке зу етіп ұшып кеткен шығар… — деді бірі.
- Жоқ, олай болмапты, патша атты да сарайына қамап тастапты, — дейді. Бұл аңызды естіген соң шаһзада саудагерлердің жанына жақындап отырып, әңгімешіден жылы жүзбен жайлап сұрады:
-Бұл уақиға қай шаһарда, кім деген патшаның сарайында болған? — деді. Саудагер жолаушының азып-тозған ұсқынына қарап:
- Өзің ұқпайды екенсің ғой… айттым ғой, осы Рум қаласы деп, ал патшасының атын сұрағаным жоқ. Оның саған қанша керегі бар? Құда түсесің бе? Әйтеуір, жақында болған керемет деп елдің аузының суы құрып отыр, — деді. Шаһзада ертемен тұрды да үлкен қалаға тартты. Қаланың бір қақпасынан кірерде есік алдындағы күзетшілер шаһзаданы тоқтатып тексере бастады. Күзетшілердің бастығы келді де, шаһзаданы бастан-аяқ қарап шығып, патшаға алып кетті. Олар ордаға кіргенде кеш болып, орда кісілері тарап, патша үйіне қайтып кеткен еді. Орда есігін күзеткен әскер жігіттердің қасында шаһзада отырып қалды. Еріккен күзетшілер шаһзадамен әңгімелесе бастады.
-Қайдан келе жатқан қонақ едің? — деді бірі.
-Парсы шаһарінен келем, ұлтым да парсы болады, -деді шаһзада.
-Е, олай болса өтірікшімін десейші!.. Мына зынданның ішінде бір парсы жатыр. Бастан-аяқ сөзінде бір шындық жоқ. Парсы дегендер айлакер, қу, сөзінде шындық болмайды екен, — деді. Сөйтіп күзетшілер сықақ қылып күле бастады. Бірақ шаһзада олардың сөзін аңыз, — деген жоқ. Әзілдеріне қосыла отырып:
-Сіздер, парсылықтардың қандай өтірігін есіттіңіздер, — деп сұрақ берді.
-Біз оның өтірігін түгел ашып бере алмаймыз. Ол бізді емес, біздің патшамызды да алдады. Патшамыз аңнан келе жатып бақ ішінде тұрған сұлу қыз, ағаш ат көріп, сонымен бірге түрі жаман бір парсыны көрген. Сонан жөн сұрағанда: «Ағаш атпен ұшып келдім. Қыз менің әйелім», — депті. Қыздың несін сұрайсың! Ай десең аузы бар, күн десең көзі бар! Парсы бір құзғын, керген кісі қорқатындай түрі жаман біреу. Біздің патшамыз да парсы-марсының алдауына көне қоятын кісі емес, қыз бен
атын тартып алып, өзін зынданға салып тастады. Сөйтіп енді сол сұлу қызға патшамыз ғашық. Бірақ не пайда қызды жын ұрып кеткен бе, пері соғып кеткен бе, әйтеуір дені дұрыс емес. Бір құсамен ауырып жатқан көрінеді. Онысы да өтірік. Өйткені ғалым болса ауруды да қолынан емдеу келуі керек еді, қызға ешбір ем істей алмайды. Тегі ғалымдығы өтірік болса керек, — деді. Сонымен күзетшілер, ағаш ат пен қыздың, ғалымның жайын түгел айтты, Шаһзада ішінен «есебін тауып ат пен қызды қолыма түсіріп, патшадан құтқарып алып кетуім керек» деп ойлады. Күзетшілердің жататын уақыты болды да, шаһзаданы зынданға жауып тастады. Шаһзада зынданға кірген соң жатуға қолайлы бір жерді сипалап тапты да, жатуға ыңғайланды. Ағаш атты істеген ғалым да соның ішінде екен. Ол бір бұрышына жайғасып, қалың ойдың тұңғиығына батып жатыр екен. Оның зары шаһзаданың ұйқысын бөліп жіберді. Ол былай деп зарлайды: «Қырсыққан ит қыңыр жүгіреді дегеннің өзі болып, менің бастапқы бағытым кыңыр кетті. Мен қырық рет қателестім. Оқу оқып, өнер таптым. Оным дұрыс еді. Ұшатын ат ойлап шығардым. Міне, менің қыңыр кеткенім!, Өлетін бала моламен ойнайды деген сияқты, менің патшада нем бар еді? Ол -бір де, халық — мың еді. Бір ағаштың көлеңкесінен мың ағаштың көлеңкесі көп еді. Мен сонда неге саяладым! Оның бәрін өткізіп алған соң, атқа мініп өзім кете бермей, қызды не деп алып кеттім? Заман менікі емес екен, оның адамында нем бар еді? Басты қатем — патша мені іздемей тұрғанда оны мен неге іздедім? Көптен айрылдым. Халық мені іздерліктей еңбек істер едім. Жалғыз ат істеп оны патшаға ала жүгіргенше, халықтың бас-басына бір ат істеп беруге неге өмірімді жұмсамадым? Мезгілсіз патша іздеп, енді зынданда жатырмын. О, қайран халық, қайран еркіндік!» — деп күрс етіп құлап, жер құшты. Шаһзада оның ғалым екенін білді де, үндемеді…Ертемен күзетшілер, шаһзаданы зынданнан шығарып патшаға алып барды.
-Кеше кешке келіп еді. Сізге кеше әкеле алмай бүгін алып келдік, өзі парсымын дей ме… — деп патшаға мәлімдеді. Патша шаһзададан жөн сұрай бастады.
-Парсы елінен едім, — деді шаһзада. Атым — Хурмуз. Туған қалам да парсы қаласы. Өнерім емшілік еді. Ел аралап түрлі сырқатты емдеп, өз өнерімді әр елге жайып жүрген адам едім, — деді. Оған Рум патшасы қуанды.
-Сені құдай дәл керек сағатында кездестіріп отыр, менде бір ауру қыз бар, соны жазатын болсаң, сенен аяп қалатын қазынам болмайды. Әйтеуір жазып бер, — деді Шаһзада қыздың хал-жайын, ауруының түрін, қайдан келгенін біліп алды да.
-Ол қыздың мініп келген ағаш аты қайда? — деді. Патша қазынада тұрғанын айтты.
- Ендеше сол атты көрсетіңіз. Мүмкін, қыздың
кеселіне сол ат себеп болар. Алдымен соны көрейін, -
деді. Патша өзі ертіп келіп сарайда тұрған ағаш атты
көрсетті. Шаһзада атты айналдыра қарап шығып, бүтін
тұрғанына қуанды, енді қызды көрсе, ретін тауып қашып
құтылатынына көзі жетті.
-Енді қызды көрсетіңіз, кеселін басайын, — деді. Патша қыз тұрған сарайға алып келді. Қыз жынды адамдай көрініп, жанына басқа адамды жолатпайтын еді. Шаһзада жанына келіп қолын ұстады. Ол өзінің жігітін танып: «Ах!» — деді де қуанғанынан есінен танып құлап қалды. Шаһзада басын көтеріп әлдебір нөрсе айтқан болып: «Есіңді жи, байқа, мені танытпа, бұл пәледен айламен құтылмасақ қиын, сен тәуірленген бола бер. Патшаға түзу сөйлеп, құрмет көрсет…» — деді. Қыз түсінді де, айла істеуге дайындалды., Шаһзада қызметші әйелдерге қыздың қолына салып қойған кісенді алуды бұйырды. Қыз босанған соң патшаға қарап, басын иді.
-Тақсыр, сіздің айрықша түскен ықыласың себеп болып, мен бұл қыздың қандай кеселі бар екенін білдім, -деді шаһзада. Румның патшасы тәуіптің сөзін естіп, қыздың түзеліп қалғанына қатты қуанды. Қызметші қыздары тәуір бола бастаған сұлуды моншаға түсіріп, мойнына алқа салған соң, ол тоты құстай құлпырды. Көргелі келген патшаға иіліп сәлем беріп, қолын қусырып құрмет көрсетті. Оған қуанған патша, тәуіпке басын иіп:
-Сіздің шарапатыңыз бұл қыздың жынын қуып-ақ тастаған екен. Енді бұл қызметіңізді мен ешуақытта ұмытпаймын, — деді. Шаһзада:
-Науқасынан түгелдей айықтыру үшін қызды ұстап тұтқын еткен жеріңізге ағаш атымен алып баруыңыз керек. Әскерлеріңіз оқ атым жерде айнала қоршап тұрсын. Мен қызды ағаш атқа мінгізіп соны соққан жынды ат үстінде байлап аламыз, — деді.
-Нендей ем істесеңіз де ықтияр сізде, — деді патша. Ертеңіне шаһзада бақта қызды атқа мінгізді. Ат пен қызды айналып жүрді де, бір мезетте дуа оқимын деп өзі де атқа мінді. Сөйтіп аттың оң жағындағы тетігін бұрап аспанға ұшты да кетті. Рум патшасы қайтып түседі деп кешке шейін күтіп тұрды да, түн болған соң күдер үзіп үйіне қайтты, жиналған халықтың бірі «оларды жын алып кетті» деді. Бірі «тәуіптің өзі жын болды, патшаны алдап алып кетті» деді. Патша түгіне түсінбей санын соғып өкінді. Шаһзада қаласына ұшып келіп, қызды әкелгенін әкесіне білдірді. Әкесі еліне хабарлап, үлкен тойға дайындық жасады. Патша баласын үйлендірген үлкен той жасады. Ел жиналып сауық-сайранын көрді. Қыздың әкесіне хабар жіберіп, онан көп сыйлықтар келді. Патша той үстінде аспанға ұшатын атты «сиқыр» деп далаға алып шығарып өртеткізіп жіберді. Баласы қанша тәуір көріп кәдірлегенмен әкесінің әміріне қарсы бола алмады. Ағаш ат себеп болып тауып алған сұлуды құшып қала берді. Ұшатын ағаш атты қайтадан істеп беретін ғалым зынданда өліп кетті.

Ақпарат көзі: aldiyar.kz

21190