Күн астындағы Күнікей қыз / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша) Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Күн астындағы Күнікей қыз

 
-        Сол бала мен боламын, - дейді. Сонымен екеуі жолдас болып келе жатып жер тыңдаушыға кез болады. Бұл да балаға жолдас болып ереді. Тағы да жүріп келе жатса, алдынан екі көлдің суын екі ұртына ұрттап жүрген тағы бір дәу кез болады. Бала жөн сұрайды. Екі көлдің суын екі ұртына ұрттаушы:
-        Күн астындағы Күнікей қызды іздеп жүрген балаға жолдас болғалы жүрмін, - дейді. Сонда бала:
-        Ендеше, мен сол боламын, - дейді. Сонымен бұл да үшеуіне қосылып, төртеуі жолдас болып жүре береді. Келе жатса екі аяғына екі батпан тас байлап алған, ойдан-қырдан жүгіріп жүрген желаяққа кез болады. Бала жөн сұрайды. Желаяқ:
-        Мен күн астындағы Күнікей қызды іздеп бара жатқан балаға жолдас болғалы жүрмін, - дейді. Бала:
-        Ендеше, мен сол баламын, - дейді. Сонымен бесеуі жолдас болып жүріп келе жатса, бір шұқанақтан көп балаларымен тырмысып шыға алмай жатқан бір құмырсқаны көреді. Бала құмырсқаны балаларымен шұқырдан шығарып жібереді. Сонда құмырсқа балаға риза болып:
-        Сендер мені шұқырдан шығарып жібердіндер. Осы жақсылықтарыңызды мен де алдарыңызға тіріде бір келтірермін. Мен мына бір қанатымды жұлып берейін, керек болған кезде тұтатсаң, дайын боламын, - деп бір қанатын жұлып береді. Бұлар күн астындағы Күнікей қызды іздеп жүріп кетеді. Күн астындағы Күнікей қыз От тауының ар жағында тұратын бір ханның қызы екен. Ол ханның бір үлкен көк төбет иті бар екен. Сол ит күн астындағы Күнікей қызға келе жатқан адам болса, соның дыбысын сезіп, жүз шақырым жерден алдынан шығады екен. Қандай батыр, мықты адамдар болса да көк төбет ит барлығын да жалғыз өзі қиратып салады екен. Қызды іздеп барған адам сау қайтпайтын болған. Мұны білген көп адамдар көк төбеттен қорқып, қызға бара алмайды екен. Баланың жолдастарымен келе жатқанын ит жүз шақырымнан біліп алдарынан шығады. Бір мезгілде көк төбет арсылдап жер дүниенің шаңын боратып келе жатыр екен. Баяғы тау көтерген дәу қолындағы бір тауын итке жіберіп қалғанда, төбет иттің төбесінен жай түскендей болып, ит таудың астында қалып, табанда сеспей қатады. Итті таумен бастырып өлтіріп тастап, бұлар тағы жүріп кетеді. Бір уақытта бұлар күн астындағы Күнікей қыздың үйіне жетеді. Хан бұлардан жөн сұрайды. Сонда бұлар:
-        Осы жақтағы күн астындағы Күнікей қызды іздеп келеміз. Іздеп келуші мына отырған бала, біз жанына ерген жолдастарымыз, - дейді.
Сонда хан:
-        Жолдарыңда бір көк төбет ит кездесті ме? - деп сұрайды. Бұлар:
-        Жолда бір күшікке кездесіп едік, біздің лақтырған кесегіміздің астында үні өшіп, өліп қалды, - дейді. Хан бұлардың күшіне қайран қалып отырады. Хан ертеңіне, ел-жұртын жиып, балуан күрестіреді.
-        Осы топта кімде-кім күресіп жығып, күші асса, қызымды соған беремін, - дейді.
Ханның елі жағынан бір өгіз балуан шығады. Бала жағынан екі қолына екі тау ұстап жүруші дәу шығады. Екі балуан күресіп, дәу жығып кетеді. Бірақ хан, сөзінен танып, бұл жолы қызын бермей:
- Енді жаяу бәйгеден озып келгенге беремін, - дейді. Жаяу бәйгеге ханның елінен бір жүйрік мыстан кемпір шығады. Мыстан кемпір қолына екі шыны арақ ұстап шығады да, жолда желаяққа ішкізіп мас қылып, өзі жүгіріп кетеді. Бала тыңшыға айтады:
-        Кім келе жатыр екен, соны тыңдашы, - дейді. Тыңшы тұра қалып тыңдап: «Кемпірдің дыбысы білінеді, желаяқтың дыбысы білінбейді», - дейді. Бала сол арада баяғы қолындағы кездікті ұстап еді, ұйықтап жатқан желаяққа дыбыс беріп оянады, сол арада жалмажан жүгіріп отырып, кемпірге жетеді. Қолына бір уыс топырақты алады да, кемпірдің алдынан өте беріп, топырақты көзіне шашып жібереді. Кемпір көзін уқалап аша алмай жатқанда, желаяқ озып келеді. Хан сонда да қызын бермейді. Қызын жасырып тығып қояды да:
-        Кімде-кім қызымның қай жерде екенін тапса, соған беремін, - дейді.
Бір мезгілде тыңшы тыңдап жүрсе, хан қызын жер астындағы бір үйге жасырып қойған екен. Қыз сол үйде кесте тігіп отырып, қолындағы инесін жерге түсіріп алады. Тыңшы тыңдап біліп тауып алады. Хан бұларды темірден салынған қонақ үйге жатқызады. Қонақтар жатқан үйді сыртынан өртейді. Бұлар түн ортасында оянып кетсе, үй өртеніп бара жатыр екен. Бәрі де сасады. Сол жерде көл ұрттаушы дәу ұртындағы бір көлдің суын бүркіп тастап, өртті сөндіреді. Бұлар тып-тыныш ұйқыда жата береді. Хан бұларды өлді деп, күлін қарайын деп келсе, бәрі де тып-тыныш ұйықтап жатыр екен. Хан тағы ойлап, бір амал табады. Ертеңінде:
-        Қырық қызбен қызымды қатар тұрғызам, солардың ішінен танып алғанға қызымды беремін, - дейді. Ертеңіне қырық қызды бір түсті киіндіріп, қатарлап қояды. Қараса, бәрінің киген киімінің түсі бір, ешкім таба алмайды. Бала сол уақытта баяғы құмырсқаның қанатын түтетіп жібергенде, құмырсқа келіп қырық қыз ішіндегі күн астындағы Күнікей қыздың алдынан шығады. Бала күн астындағы Күнікей қызды таниды. Сонымен ханның басқа істейтін амалы болмайды. Хан амалы таусылып, ақыры күн астындағы Күнікей қызды балаға береді. Күн астындағы Күнікей қызды алып, бұлар еліне қайтады. Баяғы ерген жолдастары, баламен қоштасып, жолда қалып отырады. Бір жерлерге келгенде, тыңшы қалады. Тағы бір тауға келгенде, баяғы тау көтеруші дәу қалады. Бір көлдің жанына келгенде, баяғы екі көлдің суын ұрттаушы қалады. Бір жерлерге келгенде, желаяқ қалады. Бала келе жатып, бастан-аяқ, өзінің басынан кешірген уақиғаларын қызға түгелінен баян етеді, оны ханға апаратынын айтады. Қыз оқымысты, сиқыршы екен. Баланың ерлігіне сүйсініп, әбден сүйеді. Бірсыпыра жер жүрген соң кыз:
-        Ханның еліне жетуге қанша күн қалды? - деп сұрайды. Бала:
-        Екі күншілік жер қалды, - дейді. Сонда қыз:
-        Сен озып ханға бар, менің алдымнан шықсын. Ең алдымен хан, оның соңынан қырық уәзірлері жүрсін, ең артында өзің жүр, - дейді. Бала ханға барып, қыздың алдынан шығарады. Қыз келе жатқан ханды қасқыр, уәзірлерді түлкі қылып жібереді. Олар бірін-бірі қуып кетеді. Сонымен күн астындағы Күнікей қызды бала алып, екеуі той жасап, қосылады. Елжұрты баланың ерлігіне риза болып, оны хан сайлайды.


Ақпарат көзі: aldiyar.kz
10715