Керқұла атты Кендебай / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша)











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Керқұла атты Кендебай

Ерте-ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде, Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында Қазанқап деген бір кедей болыпты. Қазанқап құс атып күн көреді екен, әйелі ау тоқып, жамау жамайды екен, осылай өз күндерін өздері көріп, жүре беріпті. Күндерде бір күн Қазанқаптың әйелі жүкті болыпты, ай-күні жақындап, күн өткен сайын әйелдің аяғы ауырлай беріпті. Тоғыз ай, тоғыз күн болғанда, әйел толғатып, босаныпты. Торсық шеке, аппақ ұл тауыпты. Ата-анасы қуанып, төбелері көкке жетіпті, баласына Кендебай деп ат қойыпты. Кендебай ай сайын емес, күн сайын өсіпті, алты күнде күліпті, алпыс күнде жүріпті, алты жылда жігіт болыпты. Сондай күшті болыпты, алысқанын алып ұра беріпті, күрескенін жыға беріпті, шыңырау құдыққа құлаған атандарды жалғыз тартып шығара беріпті. Аң аулап, әкесіне жәрдемдесіпті, бара-бара құлан алыпты, құралайдың көзінен тигізген мерген болыпты, арқар мен киікті құлан мен маралды мая-мая үйіп тастапты. Қарасудың бойындағы қара үйлі кедейлер қарқ болыпты да қалыпты. Күндерде бір күн Кендебай аң аулап жүрсе, Қаратаудың ойында, терең құздың бойында арыстандай көкжал бөрі бір буаз биені жаңа ғана жарып, жегелі жатыр екен. Кендебай жүгіріп барып, көкжалды құйрығынан ұстап алып, бұлғап-бұлғап лақтырып кеп жіберіпті. Қасқыр арс етіп, аузын қисаңдатып, өліпті де қалыпты. Кендебай қасқырдың терісін сойып алып, биенің қасына келсе, бие жанталасып, өлгелі жатыр екен. Кендебай алмас қанжарымен биенің қарнын жарып жіберіп, құлынын суырып алыпты. Арыстай еркек құлын екен. Кендебай құлынды үйіне алып қайтыпты, оны құланның сүтімен асырапты. Құлын сағат сайын емес, минут сайын өсіпті. Алты айдың ішінде алты кез ат болып шығыпты. Аттың түсі керқұла болыпты. Кендебай Керқұланы үйретіп мініп, түн қатып жүріп, аң аулапты. Керқұла қуса жетіп, қашса құтылатын, аузымен құс тістеген ерен жүйрік болыпты. Кендебай Керқұланы құстай ұшырып, алты қырдың ар жағынан қаша жөнелген құланды көзді ашып-жұмғанша қуып жетіп, құйрығынан ұстайтын болыпты. Кендебай осылай аң аулап, ел аралап жүре беріпті. Ол мейлінше қайырымды болыпты, жылағанды жұбатыпты жатсынуды сүймепті, табысына бүкіл ел ортақ болыпты. Керқұла атты Кендебай батыр атанып, әлемге аян болыпты. Күндерде бір күн Кендебай аң аулап, алысқа ұзап кетіпті. Кетіп бара жатып, қозысын бағып жүрген бір балаға кездеседі. Бала еңіреп жылап жүр екен. Кендебай жетіп келіп:
-        Көзің жасты, көкірегің қайғылы не еткен жансың? - деп сұрапты.
Баланың басы таз, киімі өрім-өрім екен.
-        Ардақтаған анаңды алса, төгілмей ме ырысың. Асқар таудай әкеңді алса, көрген күнің құрысын! - деп қоя беріпті бала.
-        Не болды? Жөндеп айтшы? - деп сұрапты Кендебай. Бала көзінің жасын көл қылып, ауыр бір күрсініп алып, былай деп жауап беріпті:
-        Мен Мергенбай деген батырдың жалғыз баласы едім. Қазір алтыға шықтым. Биыл төртінші жыл, елімізге жау тиіп, жылқы біткеннен тігерге тұяқ қалдырмай айдап кетіпті. Әкем алып ұйқылы батыр еді. Ұзақ жортуылдан келгенде алты күн қатарынан ұйықтайтын. Осы ұйқыда жатқанда әкемді жау әскері байлап әкетті. Әкемді арашаламақшы болып жетіп барған шешемді қайырымсыз жау алдына өңгеріп жөнеп берді. Мен жетім қалдым. Ішерге асым, киерге киімім болмаған соң, амалсыздан Тасқара байдың қозысын бағып жүрмін. Арыдым, тоздым. Ернім жалақ, басым таз болды. Содан бері көзімде жас, көңілімде қайғы. Мен әке-шешеме жылаймын, бай жылқысына жылайды.
-        Олай болса, жылама. Мен әке-шешеңді іздеп тауып берейін, - дейді Кендебай. Бала қуанып кетеді.
-        Ағай, онда біздің қойшылардың қасына екі-үш күн жатып тынығыңыз, содан кейін жүрерсіз, - деп өтінеді. Кендебей «мақұл» деп, қойшылардың касына барып түседі. Атып алған құландарын асып, тамақ пісіреді. Кешке басқа қойшылар келеді де, манағы бала қозышы келмейді, әрі күтеді, бері күтеді. Кендебайдың көзі ұйқыға бара бергенде уһілеп-аһылап қозышы келеді.
-        Неге кешіктің? - деп сұрайды Кендебай.
-        Жәй, ішім ауырып қалды, - дейді бала. Бала таңертең ойнап-күліп қозысын өріске айдап кетеді. Кешке басқа қойшылар келгенде, манағы қозышы тағы да келмейді. Кендебай іздеп барып, талып жатқан баланы тауып алады. Бала есін жинағаннан кейін Кендебай мән-жайды сұрайды. Бала жөнін айтпайды. Содан кейін Кендебай балаға ашуланады. Сонда қозышы бала айтады:
-        Кешеден бері күн батқан кезде алты аққу төбемнен айналып ұшады да:
Кендебай сал мұнда ма?
Керқұла аты қолда ма?
Бауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма? -
деп сұрайды. Мен тұрып:
Кендебай сал мен едім,
Керқұла атым қолда еді.
Бауда нұрым балқиды,
 
12721