Ер төстік / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша) Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Ер төстік

 
    - Жылаған себебім: тоғыз ұлым бар, соған тоғыз келіншек іздеп жүрген адаммын, тоғыз ұлымның бір әке-шешеден туғаны сияқты, тоғыз келінімнің де бір әке-шешеден туған болуын іздеп жүрген адаммын. Керегенің басындағы көп сырғаны көргенде, тілегіме жеттім ғой деп қуанып қалып едім, санасам, біреуі кем екен, соған жылап отырмын, - дейді Ерназар.
-Ендеше жылама, тағы біреуі бар, әне тұр, - деп бәйбіше тұсбақаннан тағы бір сырғаны алып келеді. - Кенжекейімнің сырғасы еді, мұны сегіз қызымның сырғасына араластырмаймын, ана қыздарым бір төбе, Кенжекейім бір төбе. Сондықтан Кенжекейімнің сырғасы олардікінен бөлек тұрады, - деп сырғаны қайтадан іліп қояды.
Ерназар оған:
     - Сенің сегіз қызың бір төбе, Кенжекейің бір төбе болса, менің сегіз ұлым бір төбе, Төстігім бір төбе еді. Кенжекейің Төстігімдікі болсын, - дейді. Сөйтіп, Ерназар тоғыз қызға құда түсіп қайтады.
 
      Ерназар келіндерін алып қайтуға тоғыз ұлымен сапарға шығады. Жолда бұларға перінің қызы Бекторы кездеседі, ол Төстікті көріп, ғашық болады. Төстікті Кенжекейден айырып қалу қамына кіріседі. Ерназар тоғыз ұлымен Кенжекейдің ауылына барып, көп уақыт жатады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын істетіп, келіндерін алып, еліне қайтпақшы болады. Кенжекейдің әкесі қыздарына түгел енші беріп, көп жасаумен ұзатады. Сонда Кенжекей әкесінің берген еншісіне, мінгізген ат, арттырған түйе, тарттырған жасауына разы болмайды: "Әкем маған жылқыдан Шалқүйрық атты берсін, жасаудан Ақсырмалы сауытты берсін, түйеден Құба інгенді берсін", - дейді. Кенжекейдің әкесі қызына ашуланып, кісісін қайта жібереді: "Қызыма айта бар: Ерназардың байлығы оған жетеді. Шалқұйрық атты сұрағаны несі? Шалқұйрық - жылқымның құты, құтқа қыз ие болған жер бар ма екен? Құба інген - түйемнің басы, түйемнің басын сұрағаны несі, қызда ондай түйе артқан бар ма екен? Ақсырмалы сауыт   — атадан ұлға қалатын мұра, мені қызым қу бас дегені ме? Қызым өйтіп жаулығын білдірмесін", - дейді. Кенжекей әкесіне қайта кісі салыпты: "Шалқұйрықты сұрағаным, ерге лайық ат еді, ер мінсін деп едім, Құба інгенді сұрағаным, ер қосын артсын деп едім, Ақсырмалы сауытты сұрағаным, Ер Төстік ер еді, сол ер кисін деп едім", - депті. Әкесі Кенжекейдің сөзінен жеңіліп, сұрағандарын беріпті. "Қызыма сәлем айт, Сорқұдықтьң басына көшін қондырмасын, қондырса, кесір болады", - депті. Көш бетімен тарта береді. Бір күні Сорқұдықтың басына келіп жетеді. Кенжекей атасына кісі жіберіп: "Атам бүл құдыққа қонбасын, ырымы жаман жер", - деп хабар айтқызады. "Келінім келмей жатып, менің қонысымды билейін деген екен", - деп Ерназар болмастан әлгі жерге қонады. Көш қонысымен, Кенжекей басқа келіндерінен үйді бұрын тігіп жібереді де, атасын қонақ қылады. Кенжекейдің зерделі екенін Ерназар сол арада біледі. "Келінім ақылды екен, тілін бекер алмаған екем", -  деп өкінеді. Сол күні тұман болады. Кенжекей өз әкесінің айтқаны ойына түсіп, кірпігін ілмей жатады. Ерте тұрып қараса, Құба інген жоқ. "Құба інген жоқ", - деп атасына хабар береді. Ерназар ат ерттеп мініп, Құба інгенді айнала қарап жүрсе, анадай жерде тұрған Құба інген көрінеді. Қасына келсе, бұйдасы бір көкпекке оралып қалған екен. Жанында бір тал бар екен, талдың түбінде жарбиған бір жаман кемпір отыр.
 
       - Шеше, шеше! Ана түйенің бұйдасына қол жалғап жіберші, - дейді Ерназар.
Кемпір сонда:
       -Тұрсам, отыра алмаймын, шырағым, отырсам, тұра алмаймын, шырағым! Әперуге әлім жоқ, нашар адаммын, - деп мүләйімсиді.
Кемпірдің сөзіне нанып, бұйданы іліп алайын деп еңкейе бергенде, Ерназарды кемпірекең шап беріп жағадан ала кетеді. Алдап отырған жалмауыз кемпір екенін Ерназар енді ғана біледі. Ерназарда тапжылуға шама жоқ. Олай-бұлай жұлқынып байқап еді, болатын көрінбейді, кемпір қысып әкетіп барады. Ерназардың мойны үзіліп, буынып барады, шыбын жаны шығып барады. Ерназардың "қоя бер" дегеніне кемпірдің босататын түрі жоқ. Өлетін болған соң, Ерназар жалына бастайды:
     - Ағарған сақал, шашым бар! Қартайып келген жасым бар! Тоғыз келінімді жаңа ғана түсіріп, жаңа ғана қызығын көрейін деп отырмын. Қоя бер мені, шешежан, -  дейді.
     - Жоқ, - деп кемпір қысып қояды. Ерназардың жаны шығып барады.
     - Тоғыз келін түсіріп, Елдей көшіп келемін. Толып жатқан жасаудан Тойғаныңша беремін. Босат мені, шешетай! -  дейді.
     - Жоқ, - деп кемпір қысып қояды. Ерназардың жаны шығып барады.
     - Оған разы болмасаң, Тоғай толған қойым бар. Қанша алатын ойың бар?
     - Жоқ, - деп кемпір онан сайын қысады, Ерназардың жаны шығып барады.
     - Оған разы болмасаң, Желі толған түйем бар. Соған бер мені, шешетай! - Қоя бер мені, шешетай! - дейді.
     - Жоқ,- деп кемпір қысып қояды. Ерназардың жаны шығып барады.
     - Оған разы болмасаң, өріс толған жылқым бар, - Не аяйтын сиқым бар? О да болсын сенікі, Бір әділ жан менікі, жіберші мені, шешеке! - дейді.
     - Жоқ, - деп кемпір онан сайын қысады. Ерназардың жаны шығып барады.
Оған разы болмасаң, сойылдай сегіз ұлым бар, - Менде қандай құның бар? О да болсын сенікі. Бір әділ жан менікі. Жібере көр, шешеке! - дейді.
     - Жоқ, - деп кемпір қысыңқырап жібергенде, Ерназардың жаны мұрнының ұшына келеді, өлуге аз-ақ қалады.
Оған разы болмасаң, Атамасым атайын, Сегізінен бір бөлек, Жалғызымда қуат боп,
Жіберші мені, шешеке! -
дегенде, кемпірдің қолы босанып сала береді.
     - Төстікті маған қалай бересің? - деп сұрайды кемпір. Оған Ерназар айтады: - Менің қалтамда Төстіктің  садағының ұшын шығаратын егеуі бар. Төстік онсыз жүре алмайды. Мен бұны осы араға тастап кетейін. Төстік іздеп келеді, сонда өзің ұстап ал,—дейді. Кенжекей мұның бәрін көріп тұрады. Ерназар Құба інгенді алып қайтып келеді, көш жөнеледі, бірнеше күн көшеді. Төстік түнде отауына кірейін десе, отауы ылғи берік болады. Бір күні Төстік жеңгелерін алып отауына кіреді. Төсегіне жатып еді, Кенжекей болат кездіктің сабын Төстіктің жүрегіне тіреп, үш жағын өз жүрегіне қояды:
      - Қозғалмай жат, қозғалсаң екеуміз де жарыламыз, - дейді. Төстік мұның себебін сұрайды. Кенжекей:
      - Әкең сені Бекторының жалмауызына беріп кеткен, сен менікі емессің, жалмауыздан біржола құтылып кел, -дейді.
      - Әкем мені жалмауызға неге береді? -дейді ол. Кенжекей:
      - Нанбасаң, әкеңнен егеуіңді сұрап көрші? - дейді. Ертең ертемен тұрып, Төстік:
    - Әкелші, әке! Мына жақта киік жүр екен, садағымның ұшын шығарайын деп едім, егеуімді берші, - дейді. Ерназар сасыңқырап қалып, қорбаңдап, өп-өтірік кісесін қараған болады да: "Қап, әттеген-ай, қалып қойған екен. Түнеугі Сорқұдықтың басында Құба інгенді іздеп барғанда, бір талдың түбіне түсіп қалған екен ғой",-дейді. Сонымен, Төстік егеуін іздемек болады, егеуінің қалған жері неше күндік алыс жол екен. Ерназардың айтуымен Төстік егеуін іздеуге алты аяқты ала атты, жеті аяқты жирен атты мінбек болады. Төстік жылқыдан алты аяқты ала атты мініп, жеті аяқты жирен атты жетегіне алып келе жатқанда, алдынан Кенжекей шығып, мынаны айтады: - Сан жорғаны алмадым. Ер аты деп таңдадым. Айыл-тұрманы, әбзелін Төстік, саған арнадым. Жабы емес, қазақы ат, Ер серігі қолғанат - Шалқұйрықты мін, Төстік! Сан жасауын алмадым, Саған бола таңдадым, Ақсырмалдай сауытты Осы жолға ки, Төстік! - деп зарлайды. Төстік Кенжекейдің тілін алып, Шалқұйрық атты мінетін болады. Жылқыдан Шалқұйрықты ұстап әкелуге кісі жіберсе, барған кісіге Шалқұйрық ат ұстатпайды. Алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, маңайына жан жуытпайды. Шалқұйрықты ұстауға Төстіктің өзі келеді. Шалқұйрық Төстіктен қашпайды. Қолын созса, тырп етпей тұрып, жүгенге басын өзі ұсынады.
 
Төстік жүрерде, Кенжекей Құба інгенге бура шөгереді: "Не Төстік өлді деген күні, не Төстік келді деген күні шешіл",
    - деп серт қылады. Төстік жолға шығады. Төстік ауылынан ұзап шыққан соң, Шалқұйрық атқа тіл бітеді.
   - Төстік батыр, енді екеуміздің жанымыз бір, қандай пәле болса да, бірдей көреміз. Менің мына айтқан сөздерім есіңде болсын. Егеуіңнің қасында жалмауыз кемпір сені күтіп отыр, сен егеуіңді ала бергенде, ұстап алмақ. Егеуге жақындаған кезде кемпірді алдайтын бір ақыл тап. Кемпір алдана бергенде, мен бетегеден биік, жусаннан аласа бола берейін, сол кезде сен егеуді іліп ал да жөнел, артыңа қараушы болма, - дейді.
 
27844