Ер төстік / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша)











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Ер төстік

 
   -Ер Төстік жер астында қалмайды, жердің бетіне қашан болса, әйтеуір, бір шығады, сол шыққанын андып отырып, ұстап ал. Егер ұстай алмай қалсаң, менен жақсылық күтпейсің, - дейді. Шойынқұлақ содан бері Ер Төстікті күзетумен болған екен. Жер үстіне шығып, ұйықтап жатқан Төстікті ұстап, қол-аяғын байлап алып, Бекторыға әкеліп береді. Бекторы Ер Төстікті зынданға салып тастайды да, Күңкені Шойынқұлаққа қосады, Шалқұйрықты бекітіп ұстайды. Сонымен Ер Төстік ұзақ уақыт зынданда қалып қояды. Шойынқұлақтан жүкті болып, Күңке бір бала туып алады. Шойынқұлақ Шалқұйрықты мініп аң аулайды. Шалқұйрықты бекітуге тұсау шақ келмейді. Бір күні Шойынқұлақ аңнан қайтып, Шалқұйрыкқа тұсау таба алмаған соң, оны өзінің қырық құлаш қайыс белбеуімен тұсайды. Қайыс белбеудің бір жағы шешіліп кетеді. Аяғы босаған соң, Шалқұйрық шауып отырып, Төстік жатқан зынданның басына келіп, тұяғымен жер тарпып тұрады. Сөйткенде, белбеу Ер Төстік жатқан құдыққа түсіп кетеді. Белбеуінде Шойынқұлақтың шақпағы бар екен. Төстік сол шақпақпен алып қара құс берген қауырсынды тұтатады. Қауырсын тұтанысымен-ақ, алып қара құс жетіп келеді; қанатына мінгізіп, құдықтан шығарады, қол-аяғын шешіп береді.
     - Қолымнан келген жақсылығым осы, досым, Шойынқұлаққа әлім келмейді. Себебі оның жаны өзінде болмайды, жанын ол ешкімге біддірмей өзінен бөлек бір жерде сақтайды. Қайтсең де соның жанын тауып ал, жанын таппасаң, құтыла алмайсың,-дейді де, қоштасып кетіп қалады. Төстік Шалқұйрыққа мініп, Шойынқұлақтың үйіне келеді. Келсе, Шойынқұлақ Шалқұйрықты іздеп кеткен екен. Күңке Төстікке жылап көріседі, көрген қорлықтарының бәрін шағып: "Шойынқұлақтан құтқар", -деп жалынады. Ер Төстік Күңкеден Шойынқұлақтың сырын түгел сұрап біледі. Шойынқұлақ баласын өте жақсы көреді екен, баласынан аяйтыны болмайды екен. Соны білгеннен кейін Төстік Күңкеге мынаны айтады:
    - Кешке Шойынқұлақ келеді, келгеннен кейін тамаққа әбден тойғызып жатқыз, көзі ұйқыға бара берген кезде, баланы қайта-қайта шымшып, жылата бер. Шойынқұлақ: "Бала неге жылайды?" - десе, балаң: "Мен Шойынқұлақтың баласы емес, Ер Төстіктің баласы болсам керек. Егер Шойынқұлақ менің нағыз әкем болатын болса, жанымды жанына қосқызып қоятын еді. Жанының қайда екенін маған әлі айтқан жоқ, - деп жатыр. Басқа еш нәрсе айтпа, - дейді. Сөйтеді де, Ер Төстік баланың бесігінің астын қазып алып, жасырынып жатады. Кешке Шойынқұлақ келеді. Ер Төстік айтқандай, Күңке оны тамаққа тойғызып жатқызады. Жатқан соң баланы жылата бастайды. Баланы әлдилеп уатқан болып отыра шымшып жылата береді. Шойынқұлақ:
     - Балам неге жылайды, сұрашы? - дейді.
Күңке баланың жылағанын сұраған болып, Шойынқұлаққа жауап қайырады:
    - Балаң: "Мен Шойынқұлақтың баласы емес, Ер Төстіктің баласы болсам керек. Егер Шойынқұлақ менің шын әкем болса, жанымды өз жанына қосқызып қояр еді. Қосу былай тұрсын, жанының қайда екенін де осы күнге дейін маған айтпай жүр. Ер Төстік болса жанының қайда екенін әлдеқашан айтып берер еді, соған жылаймын", - дейді балаң, - деп Шойынқұлақты нандырады.
     - Балам былшылдамасын! Оның әкесі — Төстік емес, мен, оған менің жаным керек болса, оңаша жерде айтып беремін, - дейді Шойынқұлақ. Сөйтеді де, Күңкені үйден шығарып жіберіп, Шойынқұлақ баласының бесігіне келіп, құлағына сыбырлап жанының қайда екенін айтады.
    - Жаным алыста, оны өзіммен бірге сақтаймын. Борықты бұлақтьщ басында қырық елік жүреді, соның ішінде қайқы қаракер елік бар, қайқы каракер еліктің ішінде тоғы қара сандық бар, сол сандықтьң ең кішісінің ішінде тоғыз балапан бар, сол тоғыз менің жаным болады. Осыны біліп қой. Жаның кеудеңе сыймай бара жатса, соған апарып қоса сал, бірақ өзіңнен басқа жан сезуші болмасын, сезуші болса, сен де, мен де тірі қалмаймыз, - дейді. Содан кейін ол орнына барып жатып қалады.
Шойынқұлақтың жанының қайда екенін біліп алғаннан кейін Төстік салып отырып Борықты бұлақтьң басына келеді. Еліктердің су ішетін суатын аңдып, жасырынып жатады. Күн шаңқай түс болған мезгілде қырық елік Борықты бұлақ қайдасың деп салып келе жатады да, суатқа жақындаған кезде осқырынып тұра қалып, қайта жөнеледі. Күн ысыған сайын еліктер суға беттеп келеді де, жақындаған мезгілде осқырыньш, тұра қалып, жалт беріп, қайта жөнеледі. Ұзап кетеді де, шөлге шыдамай, суға қайта ойысады бірақ суатқа жақындамайды, үркіп, осқырынып тұра қалады. Әлден уақытта еліктер бір-бірімен сөйлесе бастайды. Біреуі: "Су басында бір бөтен иіс бар", - дейді. Енді біреуі: "Адам иісі секілді", - дейді. "Шойынқұлаққа қастық ойлаған біреу шығар?" - дейді. Әсіресе қайқы қаракер елік, өзгесінен оқшау, артында жүреді. Еліктер әлгіде сөзге келгенде, ол қаша жөнеледі. Сонда Ер Төстік үн беріп, мынаны айтады:  Жан серігім, қырық елік,
                                                                                                        Жаным сенде, қырық елік.
                                                                                                        Жасымнан болдың жан серік …
Мен Шойынқұлақпын, - дейді.  Содан еліктер қашпай, суды жағалай бастайды.Суаттан жапырласып су ішуге бас қояды. Арт жағынан қайқы қара елік те бас қояды. Еліктер өте шөлдеп қалған екен, суға тойып, қарындарын қампитып қайқайып шыға келеді. Әсіресе қайқы қараның қарны  жер сызып, суаттан шыға берген кезде, Төстік қарнын дәл көздеп, садақты тартып қалады, қарны ақтарыла тоғыз қара сандық жерге сау ете түседі. Ең кішісін ұстай алып, Төстік ашып жіберсе, іші толған балапан, шүпір-шүпір етеді. Санап жіберсе, тоғыз екен, Сегізінің мойнын жұлып алып: "Шойынқұлақты шала-жансарында бір көрейін", - деп, соның үйіне тартады. Шойынқұлақтың үйіне жақындағанда, Күңке алдынан шығады. - Шойынқұлақ қалай? - деп сұрайды Төстік. - Шойынқұлақ әлсіреп жатыр, - дейді Күңке. Келсе, Шойынқұлақтың көзі зорға қимылдайды, болар-болмас қана демін алып жатыр екен. "Е, батыр, қалайсың, деп, Ер Төстік мазақтап жақындай бергенде, Шойынқұлақтың қолы Ер Төстіктің жағасына шап ете қалады. Екеуі алыса кетеді. Төстік: "Оп-оңай-ақ жерге шаншып тастаймын ғой", - деп ойлап еді. Шойынқұлақ әл бермейді. Енді біраз алысқан Шойынқұлақтың күшейіп бара жатқандығы байқалады. Төстік буынып қара терге түсіп, әлі кетіп бара жатады. Төбесінен тау басқандай денесін темір тор шырмаған болып көрінеді. Сол мезгілде Төстік Күңкеге жалынады. Күңке жүгіріп келіп, Төстіктің қойнындағы сандықты жұлып алып, ашып көреді. Қараса, балапандар жыбырлап көбейіп қалған екен, мойындарын жұлып-жұлып алғанда, Шойынқұлақ сылқ етіп құлай кетеді. Төстіктің сандықпен қойнына тығып әкелген бір балапаны сегіз балапан болып қалған екен. Енді біреуі тірілсе, Шойынқұлақ мүлде әл бермей кетпек екен. Балапандардың мойны түгел жұлынған соң, Шойынқұлақтың баласы бесігін шықыр-шықыр еткізіп, бірдеме деп сөйлеп жатады. Төстік құлақ салып тыңдаса:
     - Қап, бәлем, Төстік, саған қылмасам, әкем Шойынқұлақтың құнын алмасам! - деп шіреніп-шіреніп қояды. Сол арада Төстік оның қол-аяғын байлап, бесік-месігімен суға тастап жібереді. Сөйтіп, Бекторының жалмауызынан әбден құтылып алады да, Ер Төстік елін іздеп тарта береді. Ер Төстік жер астына түскеніне көп жыл болады. Елде күдер үзіп қояды. Жалғыз ғана Кенжекей: "Ер Төстік бір келер",- деп дәмелі болып жүреді. "Құба інген қашан боталар екен? Ер Төстіктің не өлген хабары, не келген хабары қашан білінер екен?"- деп соны күтумен болады. Бір күні Кенжекей ертемен тұрса, Құба інген жоқ. "Бошалап кетпесе игі еді!"- деп, Кенжекейдің жүрегі су ете қалады. Жан-жақтан жүгіріп Құба інгенді іздейді, іздеп жүріп зарлап жүреді. Құба інген бір сайда боталайын деп жатыр екен. Ар жағынан ақсақ боз атқа мінген бір ақсақалды шал көрінеді. Құба інген боталап жатқанда Кенжекейдің беліндегі торғын орамалы шыр айнала тарқатылып, жазыла береді. Кенжекей: "Енді Төстік өлген екен. Тірі болса, әлдеқашан бір хабар болар еді",- деп ойлап, жылап отырады. Ақсақал шалдың астындағы боз ат кісінеп қоя береді. Кенжекей аттың кісінегенінен оның Шалқұйрық екенін таниды. Кенжекей мен Құба інген екеуін Ер Төстік те таниды. Сол арада амандасып, мәз болысып қалысады. Бәрі де баяғыдағы айырылған күндегі қалыптарына келіп, қайтадан жасарады. Ер Төстік жас жігіт, Кенжекей жаңа түскен келіншек, Шалқұйрық бесті ат қалпына келеді. Одан кейін ұзақ жылдар өмір сүріп, мақсаттарына жетеді.


Ақпарат көзі: pushkinlibrary.kz
26825