Ер төстік / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша) Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Ер төстік

 
Үш жаның бар еді, екеуі шықса да, бірі қалған шығар, тұр, Шалқұйрық! Тіріл, Шалқұйрық! - депті. Сол уақытта Шалқұйрыққа жан кіріп, оқыранып түрегеледі. Басқа аттар бірнеше күннен кейін келеді. Темір хан мен Кеще хан балуан
және ат бәйгесінен жеңіліп, не қыларын білмей, сасады. "Енді жаяу жарыс салып көрейік", - дейді. Жаяу жарысты бір күндік жерден жібермек болады. Ер Төстік Желаяқты қосады. Жүйріктер бір күн жүріп барып, барған жеріне қонып, ертеңіне ертемен жарысьп қайтпақ болады. Темір хан жүгіргіштердің ішіне бір мыстан кемпірді қоса жіберген екен. Барып қонған жерінде сол мыстан Желаяққа:
     - Шырағым, шаршадың ғой. Деміңді алып ұйықта, жарысарда өзім оятамын, - деп оны алдап ұйықтатып тастайды. Желаяқ мыстан кемпірдің сөзіне нанып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жата береді. Бір мезгілде оянса, шекесінен күн өтіп барады. Түс болып қалған екен, жүгіргіштер әлдеқашан кетіп қалыпты. Кемпірдің алдағанын біліп, Желаяқ санын бір-ақ соғып, тұра жөнеледі. Жерден бір уыс топырақты ала жөнеледі. Құстай ұшып, құйындай ұйытқып келе жатса, жаяулар да қарақшыға жақындап қалған екен, ең алдында мыстан кемпір бара жатыр екен. Желаяқ өте беріп уысындағы топырақты мыстан кемпірдің көзіне шашып кетеді. "Алда ғана шешек-ай, мықтадың-ау", - деп кемпір көзін уқалап қала береді. Сөйтіп, жаяу бәйгесінде Ер Төстік жеңеді. Темір хан енді қайтадан той жасап, қызын жылан Бапы ханға ұзатпақ болады. Темір ханның ернеуі қырық құлаш үлкен қазаны терең көлге түсіп кеткен екен. "Нағыз ер болса, соны алып берсін", - деп ол Ер Төстікке кісі салады. "Көлдің суын құрт!" - деп Төстік Көлтауысарды жұмсап еді, қанша ұрттаса да, көлдің суы Көлтауысардың ұртына сыймайды. Судың үштен бірі қалғанда Көлтауысардың ұрты суға толып бітеді. Сонда Шалқұйрыққа тіл бітіп: "Қазанды мен сүңгіп алып шығамын", - деп рұқсат сұрайды. Ер Төстік рұқсат етеді. Шалқүйрық:     - Мен суға сүңгігенде, ақ көбік шықса - жақсы болғаны, қуана бер, аман-есен қазанды алып шыққаным. Қызыл көбік көрінсе - жаман болғаны, алып шыға алмай, су астында қалып қойғаным, - дейді. Шалқұйрық суға сүңгіп кетеді. Көпке дейін ешнәрсе білінбейді. Бір мезгілде ақ көбік көрінеді. Ер Төстік қуанады. Оның артынан ұзамай қызыл көбік көрінеді. Ер Төстік шошынып, зарлана бастайды. Ер Төстік  зарланып тұрғанда, Шалқұйрық дәу қара қазанды құйрығына орап, су үстіне шыға келеді. Шалқұйрыққа тіл бітіп сөйлейді:
    -Су өте терең екен, түбіне зорға жеттім, қазанды зорға таптым. Сонда ақ көбік шықты. Қазанды көтеріп шығу қиын болды, тістеп едім, шығара алмадым. Сонда қызыл көбік шықты. Құйрығымды ұзартып қазанды орап алып, зорға шықтым,- дейді.
Шалқұйрықтың аман-есен шыққанына Темір хан елі қатты сүйсінеді. Темір хан Ер Төстіктерге арнап үлкен сарай салдырып, құдаларды сонда кіргізеді. Құдалардың кіруі-ақ мұң екен, есік сарт етіп жабылып қалады. Сарай тұтас темірден салынған екен. Аузын мықтап құлыптап тастап, сыртынан тау-тау қылып отын үйеді де, от жағып өртей бастайды. Сарай қызуға айналады. Сарайдың ішіндегі Төстік жолдастарымен күйетін болады. Таусоғар орнынан тұрады да, сарайдың есігін теуіп жібереді. Есік шалқасынан түседі. Көлтауысардьң бір ұртында бір көлдің суы бар екен, бүркіп жібергенде, айналасындағы өрттің бәрін сөндіріп тастайды. Темір хан мен Кеще ханның айласы әбден құриды. Ер Төстікке қызын беріп, жылан Бапы ханның еліне қарай шығарып салады. Сөйтіп, Ер Төстік жылан Бапы ханға қайтады. Қайтып келе жатқанда, жолдан ерген алты жолдасының бәрі де баяғыда өздерінің кезіккен жерлерінен әрі жүрмейді. "Бұдан әрі баруға біздерге жол жоқ",- деп, олар Ер Төстікпен қоштасып қала береді. Ұзақ жүріп, Ер Төстік жылан Бапы ханның еліне келеді. Айтқанын істеп келген соң, ол Ер Төстікке өте разы болады, өзінің қызын береді, және: "Не қалайсың?"- деп Төстіктен сұрайды.
Төстік: - Жер үстіне шығамын, еліме қайтқым келеді,- дейді. Жылан Бапы хан Төстіктің тілегін орындап, қызын беріп және қаншама жолдас қосып, жер үстіне қарай шығатын есікке қарай шығарып салып, қош айтысып қала береді. Жер үстіне шығатын есікке дейін алты айлық жол екен. Жолдың ауырлығына шыдамай, жылан Бапы ханның қызы жөне жолдастарының бәрі қырылып қалады, жалғыз-ақ Күңке деген бір күңі мен Шалқұйрық, Ер Төстік үшеуі аман қалады. Үшеуі шаршап бір бұлақтың басына келіп жатады. Бұлақтың басында бір үлкен бәйтерек тұрады.
      Бір мезгілде сол бәйтеректің басынан шуылдаған зарлы дауыс естіледі. Қараса, шуылдаған балапандар екен. Ер Төстік садағын алады да,өрмелеп   бара жатқан айдахардың екі көзінің арасынан дәлдеп тартып қалады, айдаһар жерге сылқ ете түседі.
       Айдаһардың жерге құлап қалғанын көрген соң, балапандар шошуын тоқтатады. Ер Төстік бір дауыстан шошып оянса, қатты дауыл тұрған екен, дауылдың артынан бұршақ аралас жаңбыр жауады, жаңбырмен қабат суылдаған дауыс естіледі, соның артынша ұзамай-ақ бір алып қара құс көрінеді. Алып қара құс суылдаған бетімен бәйтерекке келіп қонғанда бәйтерек майысып, сынып қала жаздайды. Бұл алып қара құс - самұрық екен. Самұрықтың үлкендігі сондай, жайып жібергенде, бір қанатының өзі бір айлық жерді алып кетеді екен. Қонысымен самұрық бәйтеректің түбіндегі Ер Төстікті бүруге тап береді, бірақ балапандары шыр-шыр еткен соң тоқтайды. Самұрықтың екі басы бар екен: бір басы адамдікіндей, бір басы құстікіндей екен. Самұрықтың адам басы Ер Төстікке тіл қатады:
    - Ей, адам, бұл жерге не жұмыспен келдің? Менің балапандарымды аулай келді бе? Бұл жерді адам басқан емес, бүл - менің мекенім, - дейді. Оған Ер Төстік:
     - Мен жер үстінің Ер Төстігі едім, сенің мекеніңе адасып келдім, балапандарыңа қастық ойлаған жоқпын, ана жатқан айдаһардан айырып алдым. Нанбасаң, өздерінен сұра, - дейді. Балапандар Ер Төстіктің жасаған жақсылығын жасырмай айтып береді. Сол арада алып қара құс Ер Төстіктің аяғына жығылып, онымен айрылмас дос болады. Алып қара құс жылына бір-ақ рет балапандайды екен. Содан кейі балапандарына жем іздеп алысқа кетіп, бір айда бір-ақ қатынап, қайтуға мұршасы келмей жүреді екен. Алып қара құстың сол кеткенін аңдып жүріп, сол маңдағы бі айдаһар жыл сайын балапандарын жеп кетеді екен. Алып қара құс содан запы болып қайтқанда: "Балапандарым аман болса екен", - деп жылап қайтады екен. Бағанағы дауыл - асығып ұшқанда алып құстың қанатынан тұрған жел екен, жаңбыр - соның жылаған көзінің жасы екен. Өзі жем іздеген сапарынан қайтқанда балапандарын аман көргені осы жолы-ақ екен. Алып қара құс Ер Төстікпен дос болған соң: "Не қалайсың?" - деп сұрайды. Ер Төстік басынан кешкен әңгімесінің бәрін айта келіп, адасып жүргенін, енді жер үстіне шыққысы келетінін айтады. Алып құс Ер Төстікті қанатына мінгізіп ұшып, тар тесіктен өткізіп жер үстіне шығарады. Қоштасарда Төстікке бір тал қауырсынын үзіп береді.
   - Денемдегі ерекше қасиеті бар жалғыз тал қауырсыным осы еді. Қысылған жеріңде, осы қауырсынды тұтатсаң, даяр боламын, қандай қысымшылықта болсаң да, құтқарып аламын. Егер де оны жоғалтып алсаң, менен жәрдем күтпе, - дейді.
 Жер үстіне шыққан соң, Ер Төстік күннің қызуына балқып, ауыр ұйқыға кетеді, еш нәрседен қауіпсіз жата береді. Ер Төстікті жалмауыз кемпір ұстай алмай қалған соң, перінің қызы Бекторы ашуланып, кемпірді буындырып өлтірген екен. Кемпірден Шойынқұлақ деген бала қалған екен. Бекторы соған Ер Төстіктің шығатын жерін күзеттіріп қояды.
 
62283