Ер төстік / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша) Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Ер төстік

Ерте заманда Ерназар деген кісі болыпты. Ерназардың өзі бай болыпты. Төрт түлік малы сай болыпты. Қора толған қойлары болыпты. Келе-келе түйелері болыпты. Өріс толған жылқылары болыпты. Ерназардың сегіз ұлы болыпты. Бір жылы үлкен жұт болып, ел малын алысқа, отарға айдап кетіпті. Ерназардың сегіз ұлы да соның ішінде кетіпті. Бір қыстық азығын алып, кемпірі мен Ерназар үйінде қалыпты. Ерназардың сегіз ұлы сол кеткеннен хабарсыз кетеді, айлар өтеді, келмейді. Ерназардың азығы таусылады, ашығады, жейтін тамақ таппайды. Кемпірі екеуінің тұруға әлдері әрең-әрең келеді.
     Бір күні кешке жақын кемпірі төсегінен тұрып, үйінің түндігін ашады. Тұруға мұршасы келмей жатқан шал шаңыраққа қараса, шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігі көзіне түседі. Ерназар қуанып, есі шығады.
     - Кемпір, сүйінші! Кер биенің керулі тұрған төстігі майлы көрінеді, бол, жылдам асып жіберші, - дейді. Сөйтіп, бұлар төстікті қазанға салады. Төстікті асып жеп, шал мен кемпір әлденеді. Ұзамай кемпір жүкті болады. Мезгілі толып босанады. Бір ұл туады, оның атын төстік жеген соң біткен бала деп Төстік қояды.
      Төстік өзгеше бала боп өседі: бір айда бір жастағы баладай, екі айда екі жастағы баладай, үш айда үш жастағы баладай, бір жылда он бестегі жасөспірімдей болып, екі жасында алысқан кісілерін алып ұратын бала болады. Садақ тартып үйренеді, тартқан садағын тоғыз қабат кетпеннен өткізеді. Аң аулап, құс атып, әкесі мен кемпір шешесін асырайды.   Төстік бір күні ауылдың арасында отырған тарғақты садақпен тартып қалады. Садақ тарғақтың қанатын үзіп кетеді. Тарғақ жығылмай, бір қанатын сабалап, қаша береді. Төстік ұстайын деп қуып жүреді. Сөйтіп жүргенде, тарғақ бір кемпірдің өрмегінің үстінен қарғып өтеді. Қуып келе жатқан Төстік те өрмектен секіреді. Сөйткенде Төстіктің бір бақайы өрмекті іліп кетеді. Өрмектің бірсыпыра жібі үзіліп қалады. Өрмек тоқып отырған кемпір:
      - Алда ғана шешек-ай! Өрмегімді үзіп кеттің-ау! Ертеден қара кешке дейін бүйтіп жар қуалап, торғай атқанша, тентіреп кеткен сегіз ағаңды тауып алмайсың ба? - деп қарғап-сілейді.  Төстік кемпірге жауап қайтара алмай, оның сөзіне қатты қорланады. Әсіресе "тентіреп кеткен сегіз ағаң" деген сөз оған қатты тиеді. Төстік бұрын ағалары бар екенін естіген жоқ екен. Әке-шешесі Төстікке оны айтпайды екен. Төстік жүгірген бетімен үйіне келеді. Төстіктің ашулы түрін көріп шешесі:
       - Саған не болды? Кіммен жанжалдастың? - деп сұрайды. Төстік кемпірдің сөзін түгелімен шешесіне айтады.
       - Ағаларым қайда? Неге келмейді? Іздеп тауып әкелемін! - дейді. Шешесі:
      - Қақпас кемпір өтірік айтады. Сенің ағаларың болған жоқ, сенбе оның сөзіне, - дейді. Сөйтіп, Төстікті нандырып қояды. Тағы бір күні Төстік асық ойнап жүріп, әлгі кемпірдің жалғыз баласын жұдырығымен қойып жіберсе, бала талып қалады. Кемпір Төстікті бұрынғыдан да жаман қарғап-сілейді:
      - Қыршыныңнан қиылғыр, Төстік! Менің жалғыз балама әлің жеткенше, айдалада тентіреп өлген сегіз ағаңның қураған сүйегін тауып алсаң болмай ма? -дейді.
Кемпірдің сөзі Төстікке ой салады. Шешесінен ағаларын сұрайды. Шешесі енді шынын айтады:
     - Сегіз ағаңның бары рас еді, жұт жылы кетіп еді, содан қайтқан жоқ, қайда жүргендерін білмейміз, - дейді. Төстік ағаларын іздеу қамына кіріседі. Кемпір-шалға аң мен құстың етін қақтап үйіп береді де, Төстік жолға шығады.  Беліне садақ байлап, қолына темір таяқ алады, аяғына етік киеді. Ай жүреді, жыл жүреді, талай елді, талай жерді аралайды. Жолдасы да - садағы, азығы да - садағы, жолында кез келген аңды атып жеп отырады. Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда, алыстан сағым көтерген бел көрінеді. Өлдім-талдым деп келіп, белге шықса, қарауытқан қалың жылқы көрінеді, жылқының ар жағында ел көрінеді. Жылқыға келсе, жылқының ішінде тігулі қара қос тұр. Қосқа кірсе, асулы мосы, ілулі бақыр түр. Бақырдың іші піскен етке толы екен. Төстік етке тойып алады да, елге қарай жүреді. Төстіктің келген елі ас беріп жатыр екен. "Ағаларымды осы астан іздеп көрейін", - деп асқа тігілген қалың үйді жағалай қыдыра бастайды. Арықтаған, азған, киімі жыртық-жыртық Төстікті ешкім ескермейді. Жаяу жүрген адамды кім білсін. Сөйтіп келе жатса, табақшылар бір жерде: "Ерназардың сегізіне тарт, Ерназардың сегізіне тарт", - деп шуылдасып жүр екен. "Ерназардың сегізін көрейін", - деп үйге кірмек болса, табақшылар Төстікті кейін қарай сүйреп, қақпайлай береді. "Қайыршы неме, әлі етке тоймадың ба?"
    - Кім керек? Неғып жүрген адамсың?: —деп сұрайды. Төстік: - Маған Ерназардың сегізі керек, — дейді. — Адасып кеткен сегіз ағамды іздеп жүрмін, - дейді. Сол арада Ерназардың сегізі жөн сұрасып, Төстікпен жылап-сықтап табысады. Тоғызы тоғыз жағынан шығып, қалың жылқыны айдай бастайды. Бірақ жылқы ұйлығып, бір жақты бетке алып жүре алмайды. Қанша айдаса да серпіліп, алғашқы айдаған жеріне қайтып келеді де отырады. Тоғызы жылқыны неше күн айдайды. Аяғында жүргізе алмай жалығады. Бір күні Төстік мынандай айла табады: барлық жылқының басы—күрең биені ұстап алып, жылқының ортасындағы бір дөңге шығады. Биені жығып, төрт аяғын буады да, қыл бұрау салып, тақымын бұрайды. Тақымы бұралған соң, бие қатты шыңғырады. Биенің шыңғырған даусына шұрқырасып қалың жылқы жиналады. Жылқы әбден жиналып болды деген кезде, Төстік биені тұрғызып алады да, жетектей жөнеледі. Сонда қалың жылқы өз беттерімен бұлардың соңынан шұбай жөнеледі. Енді ешқайсы да жылқы айдап әлек болмайды, күрең биені жетектеп жүреді де отырады. Қалың жылқы шұбырып ереді де отырады. Судың тұнығын іше-іше, шөптің сонысын жей-жей, талай асқардан асып, шөлді басып, Төстігі бастап, Ерназардың сегізі аман-есен елдеріне келеді. Балалары аман-есен келген соң, Ерназар ел жиып, той қылады. Түйеден бура, жылқыдан айғыр, ту бие, қойдан құнан қой сойып, қымызын көлдей, етін таудай қылып қояды. Ақсақал, қарасақалын түгел разы қылады. Той тарқағаннан кейін Ерназар тоғыз ұлын аяқтандыру қамына кіріседі. Тоғызына тоғыз келіншек іздейді. Келінінің тоғызын бір үйден таппақ болып, ел қыдырады. Көп елді аралайды. Бірақ Ерназар ойлағандай тоғыз қыз бір үйден табылмайды. Сөйтіп, Ерназар күдер үзіп келе жатса, алдынан бір ауыл көрінеді. Ауылдың ортасындағы үлкен қоңыр үйдің тұсына келіп, мейман болатындығын білдіреді. Үйге кірсе, керегенің басында сегіз сырға ілулі тұр екен, соны көрген соң, Ерназар еңкілдеп жылай бастайды. Үйдің бәйбішесі Ерназардан:
     - Неге жыладың? — деп сұрайды.
 
24076