Асан қайғы / Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша
rus / eng / kaz


Казахские народные сказки (қазақша ертегі) и легенды не похожи на сказки других народов мира В разделе собраны сказки на русском и на казахском языках (казакша)











Казахские сказки — Қазақ ертегілері / Қазақша

Назад

Асан қайғы

Асан қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көгорай шалғынды, сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді. «Елді сол жерге қоныстандырсам!» - деп, арман етеді. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріп отырады. Түркістанның қасында ескі қорған қала Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ - түбі тұрақты қала бола алмас», - деген екен. Асан қайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты. Асанның екі баласы: «Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?» - дегенде, Асан қайғы: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», - депті. Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының басы сайын жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», - депті. Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», - деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.
Қаратал өзенінің өлкесін көргенде: «Ей, сарқырап аққан Қаратал, артың кең, алдың тар-ау!» - депті. Өйткені бұл өзен құмға сіңіп жатады екен.
Осы күнгі Мерке ауданындағы Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер!» - деп жүріп кетіпті. Шу өлкесін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты! Тегінде бір шулағаның болмаса, ну қамысың еліңді жұтқа бермес», - депті. Шудың аяғында Сарысу елі шөп жимай, Шудың қамысын қыстап, жаз Арқаны жайлайды екен. Әулие-Атаның (қазіргі Тараз қаласы) шығысынан аққан Талас, батысынан аққан - Келес дейтін өзендерді көргенде, малға жайлы екенін біліп: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің кенелмес. Жері де жайылған малға жұт болмас!» - деген екен. Жуалы жеріндегі Ауан дейтін қара топырақты, егістік аймақты көргенде: «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май екен, кәдіріңді егін салған ел білер», - депті.
Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) тұсындағы Сыр өлкесін көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен, әр бұтаның түбінде кесек етің бар екен! Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол!» - депті. Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан түз екен,тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басыңа байлық қонар, жұртың ашықпас!» - деп жүріп кетіпті. Нарын - Самар аймағын көргенде: «Е, Нарын, тайың
айғырдай, тайлағың бурадай екен! Қысың ұзақ: шаруаңа сақ бол!» - депті. Шыңғырлау өзенін көргенде, түсе қалып, Желмаясын оттатып: «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің!» - деп, қонып кетіпті. Бірақ Асан ол кезде шұрайлы, қоныс, нулы өлке таба
алмапты. Ол Ұлытау жаққа келіп өліпті.


Ақпарат көзі: aldiyar.kz
3451